Шымкентте қандастар бейімделіп, жаңа өмірге жол ашуда

19 Тамыз 2025

Елімі­зге оралған қандастар – ұлттық біртұтастығымыздың тірегі, тарихи әділеттіліктің нақты көрінісі. Дегенмен өзге елде ұзақ уақыт өмір сүріп келген этникалық қазақтардың жаңа ортаға бейімделуі мен қоғамға сіңісуі – үлкен әлеуметтік, психологиялық және экономикалық міндет. Осы ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау қандастардың жаңа өмірге нық қадам жасауына жол ашуда.

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2024 жылдан да осы бағыттағы жұмыстарын белсенді жалғастырды. Орталық – жай ғана уақытша мекен емес, бұл – өмірін жаңадан бастаған азаматтарға бағыт-бағдар беретін әлеуметтік тірек. Мұнда қандастарға құжат рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, қазақ және орыс тілдерін меңгеру сынды маңызды мәселелер бойынша жан-жақты көмек көрсетіледі.

Қазақтың тарихы мен мәдениетімен таныстыру, ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында да орталықта мазмұнды шаралар ұйымдастырылды. Театр, музей, тарихи орындарға экскурсиялар мен концерттік бағдарламалар қандастарға ел рухын сезінуге мүмкіндік берді. Бұл бастамалар олардың елге етене сіңісуіне оң әсер етуде.

2024 жылы орталыққа 31 отбасы, яғни 80 адам уақытша қоныстанды. Олардың біразы қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Мәселен, үй шаруасын жүргізу, қонақүй қызметкерлерін даярлау, тігінші-техник мамандығын меңгеріп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында онлайн платформаларда кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Ал «Бақытты жанұя» орталығының курстары арқылы аспаз, қырыққыш-көмекші нан пісіруші, ас­паз, шаштараз мамандықтарын меңгеріп, арнайы сертификат иегері атанды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасып, өз күнін өзі көріп отыр.

Орталықтың тағы бір маңызды бағыты – құқықтық көмек. 2024 жылы 42 қандасқа азаматтық алу, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру және көші-қон квотасына қатысу бойынша заңгерлік кеңестер ұсынылды. Бұл – оралмандардың тек бейімделіп қана қоймай, толыққанды азаматтық қоғам мүшесіне айналуына жасалған нақты қадам.

Бастысы – мемлекет қандастарға дайын көмек ұсынып отыр. Ал олар масылдыққа емес, еңбекке ұмтылуда. Бұл – нағыз отансүйгіштіктің белгісі.

Өз ісін тауып, қоғамға пайдасын тигізіп жатқан қандастар – бүкіл халыққа үлгі. Бүгінгі таңда Шымкенттегі орталық тек баспана мен кеңес беріп қоймай, жаңа өмірге жол ашатын бастамаларға ұйытқы болып отыр.

Орталықтың басты мақсаты – қандастарды бейімдеу ғана емес, оларды масылдықтан арылып, өз еңбегімен өмір сүруге ынталандыру. Ал мемлекеттің ұстанымы айқын: қол жайғанды емес, қолынан іс келетін азаматты қолдау. Бұл – бірлікті бекемдейтін, елімізді нығайтатын нақты бағыт.

Шымкентте қандастар бейімделіп, жаңа өмірге жол ашуда