2025 жылғы 12 шілде күні Испания астанасы Мадрид қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Астана күніне арналған екінші концерт өтті. Шараны «Отандастар қоры» КеАҚ ҚР Испания Корольдігіндегі Елшілігімен бірлесіп, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
12 шілде күні өткен концерттің ерекшелігі — Испаниядағы “DearsDimash” фан-клубының белсенділері ұлттық киім үлгілерінен арнайы дефиле ұйымдастырды. Бұл бастама ұлттық мәдениетті шетелде танытуда тың серпін берді.
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшісі Данат Мұсаев:
«Бұл екі күндік концертті Отандастар қорымен бірлесіп ұйымдастырдық. Испания мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосты деп ойлаймын», — деп атап өтті.
Ал «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров өз сөзінде:
«Шетелдегі мәдени шаралар — бірінші кезекте отандастармен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту құралы. Бұл концерт Испаниядағы қазақтармен қатар, жергілікті тұрғындар тарапынан да ерекше ықыласпен қабылданды», — деді.