2025 жылғы 9 шілдеде Бурабайдағы IQanat High School of Burabay базасында шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагерінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырды.
«Jas Qazaq» лагері – шетелдегі қазақ балаларын тарихи Отанымен рухани және мәдени тұрғыда жақындастыратын бірегей жоба. Биылғы маусым – аталмыш жобаның бесінші рет өткізілуі. Бұған дейін 700-ден астам қандас бала қатысқан болса, биылғы лагерьге АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай елдерінен келген 150-ге жуық этникалық қазақ балалары келіп отыр.
Лагерь 2025 жылғы 7-20 шілде аралығында өтеді. Қатысушылар қазақ тілі, тарихы, салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарды меңгеріп, киіз үй құру, атқа міну, домбыра тарту сияқты практикалық сабақтар арқылы ұлттық құндылықтарды жан-жақты игереді. Сонымен қатар, еліміздің жоғары оқу орындарының қатысуымен өтетін білім көрмесіне қатысып, әртүрлі елден келген замандастарымен достық байланыс орнатады.
«Бұл – шетелдегі қазақ балалары үшін ерекше әрі маңызды жоба. Олар атамекеніне келіп, ана тілін, мәдениетін, ұлттық болмысын жүрекпен сезінеді. Мұнда балалар тек демалып қоймай, өз тамырын тереңірек танып, рухани байып қайтады», – деді «Отандастар қорының» вице-президенті Алибек Жұрқадам.
Сондай-ақ, ол биыл лагерьге 150-ге жуық баланың қатысып жатқанын және алдағы уақытта қатысушылар санын арттыру, жобаны кеңейту жоспары бар екенін атап өтті.
«Jas Qazaq» лагері – Қазақстанның шетелдегі этникалық қазақтарға бағытталған мәдени-гуманитарлық қолдау саясатының жарқын көрінісі.