Астанада «Атажұртқа оралған аманат» кітабының тұсаукесері өтті

19 Маусым 2025

2025 жылғы 19 маусымда «Отандастар қоры» өкілдері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен елордада қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген «Атажұртқа оралған аманат» атты еңбектің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Іс-шара XX ғасырда қазақ халқының тарихи тағдыры мен көші-қон үдерістерін зерттеуге арналған кітаптың маңыздылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Кітап Түркия, Ұлыбритания және Үндістан үкіметтері тарапынан қолдау тауып, ғылыми айналымға енген.

Рәсімге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, шетелдік дипломаттар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген белгілі тарихшы-ғалым, Түркиядағы қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Әбдуәхап Қара сөз сөйлеп, кітаптың деректік, архивтік және танымдық құндылығына тоқталды.

Үндістан, Түркия және Ұлыбритания елдерінің ресми өкілдері аталған басылымның қазақ диаспорасының тағдыры мен тарихи жадын зерделеудегі маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Отандастар қорының» басқарушы директоры Ержан Мұқаш өз сөзінде бұл тәрізді ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, Қоғамның осы бағытта атқарып жатқан жобалары, атап айтқанда шетелдегі қазақ диаспорасы ақын-жазушыларының туындыларын Қазақстанда жарыққа шығаруға байланысты қызметі туралы баяндап берді.    

Астанада «Атажұртқа оралған аманат» кітабының тұсаукесері өтті