АҚШ азаматтары асырап алған қазақ қыздары Астанаға ұшып келді. Осыдан тура 20 жыл бұрын олар Калифорнияға бір ұшақпен жеткізілген 25 баланың қатарында болған. Қыздармен бірге оларды асырап алған анасы Шерон да келді. Жалпы, Шерон ханым Қарағанды қаласындағы балалар үйінен бес қазақ қызын асырап алған.
Бүгінде АҚШ азаматтығындағы қыздар бірнеше апта бойы өздерінің туған жері — Қазақстанмен жақынырақ танысып, тамырын, тарихын, мәдениетін тануға мүмкіндік алмақ. Бұл кездесуді ұйымдастырушы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медиаменеджер Гүлмира Дайрабаева. Ол төрт жылдан астам уақыт бойы Шерон отбасымен байланыста болған.
Айта кетейік, былтыр Сенат депутаттары шетел асырып жіберілген қазақстандық жетім балалар жөнінде ақпараттың аздығы мәселесін көтерген болатын. 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім бала шығарылғаны туралы нақты деректер де жоқ.
Гүлмира Дайрабаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медиаменеджер:
– 2021 жылы мен алғаш рет Шеронның отбасымен байланысқа шықтым. Оның өзінен туған екі ұлы бар, ал 2005 жылы Қарағандыдағы балалар үйінен бес қазақ қызын асырап алған. Осы жылдар ішінде оларды ел де, елшілік те, консулдық та, туған аналары да іздемеді. Қыздардың есінде тек балалар үйіндегі кезең қалған. Сол себепті мен олар қазіргі Астананы, бүгінгі Қазақстанды көріп, елдің дамуын өз көздерімен көрсін деп қатты тіледім.
Сүйкімді, Қазақстаннан асырап алынған қыз:
– Мұнда болу мен үшін өте жағымды әрі ерекше әсер. Мен 19 жыл көрмеген әпкеммен кездестім. Бізді қазақ дәстүрімен қарсы алды. Баурсақтың дәмін есіме түсірдім. Калифорнияда да ұлттық тағамдар сататын дүкендер болды, бірақ олардың атауын нақты есімде сақтай алмаппын.