Өзбекстан Республикасының Науаи облысы, Кенимех ауданына қарасты Жаңақазған елдімекенінде халықаралық этнотуризм фестивалі өтті.
Фестивальге Еуропаның 10-нан астам елінен, сондай-ақ Үндістан мен Аустралиядан 220-дан аса шетелдік турист қатысты. Шара барысында этноауыл құрылып, қазақ және қарақалпақ этностарының дәстүрлі тұрмысы, мәдениеті мен қолөнері таныстырылды.
Қонақтар киіз үймен, ұлттық тағамдармен және салт-дәстүр элементтерімен танысты. Сондай-ақ, көрме-жәрмеңкеде жергілікті шеберлердің бұйымдары ұсынылды.
Гүлдана Нарынбетова, журналист, Шетелдегі қазақтілді БАҚ Ассоциациясының мүшесі: Қазақ халқы «Өткенге қарап, келешекті түзе» дейді. Осындай фестивальдер – ұлттық рухтың оянып, келешекке нық қадам басудың айғағы. Алдағы уақытта Жаңақазған елдімекеніне ресми түрде этноауыл статусы берілуі жоспарланып отыр. Бұл – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, мәдени мұраға деген құрметтің нақты көрінісі. Жаңақазған – ертеңі зор, рухы биік, мәдениеті бай мекен. Бұл елді мекеннің ертеңі де, мәртебесі де асқақ болары хақ. Себебі, мұнда тарих сөйлейді, салт-сана тірі. Осындай бастамалар арқылы ұлттық мәдениетіміздің мәңгілік боларына сенеміз.
Фестиваль Кенимех ауданы әкімдігі мен Науаи облыстық туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, алдағы уақытта Жаңақазған елдімекеніне этноауыл мәртебесі беріліп, ішкі және халықаралық туризм орталығына айналуы жоспарланып отыр.
"Отандастар қоры" КЕАҚ Баспасөз қызметі
Дереккөз: Гүлдана Нарынбетова, журналист, Өзбекстан Республикасы