2025 жылғы 27 наурыз күні Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында орналасқан “Жалпы білім беретін №1 мектепте” IQanat мектебінде тегін білім алуға мүмкіндік беретін іріктеу олимпиадасы өткізілді. Бұл білім сайысына аймақта тұратын қандастарымыздың арасынан 8-сыныпта оқитын 100-ден астам оқушы қатысты. Олимпиада аясында оқушылар логикалық ойлау, математикалық сауаттылық, математика, оқу сауаттылығы және ағылшын тілі пәндері бойынша тест тапсырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты білім мен ғылымға баулу, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және Қазақстандағы үздік мектептердің бірі – «Iqanat High School Burabay» білім ордасында оқуға жол ашу болды.
Олимпиада жеңімпаздарына аталған мектепте оқу мүмкіндігі берілді. Бұл – олардың болашағына бағыт сілтейтін маңызды қадам әрі жоғары сапалы білімге жол ашатын үлкен мүмкіндік саналды.
Олимпиадаға қатысу арқылы оқушылар тек білімдерін сынап қана қоймай, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Бұл – олардың өмір жолындағы маңызды белеске айналды.
Аталған шара жас буынның білімге деген қызығушылығын арттырып, әлеуетін дамытуға және әрбір оқушының болашағын жарқын етуге септігін тигізді.