2025 жылғы 27–28 наурыз күндері Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында «Қазақстандық білім күндері» атты ауқымды білім беру іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты – мектеп оқушыларына Қазақстанның жоғары оқу орындары туралы жан-жақты ақпарат ұсыну және жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндіктерімен таныстыру болды.
"Білім көрмесінің" ашылу салтанатына Баян-Өлгий аймағының Әкімі Заңғар Есентайұлы қатысып ізгі тілектерін білдірді. Қызығушылық танытқан оқушылар мен ата-аналарға 20-ға жуық ЖОО білікті мамандары білім гранттары және мамандық таңдау бойынша ақпарат берілуде.
Іс-шараға Қазақстанның Алматы, Астана, Ақтау, Қарағанды, Талдықорған, Семей, Павлодар, Қызылорда және Өскемен қалаларынан келген 20-ға жуық жоғары оқу орнының өкілдері қатысты. Университет мамандары оқу бағдарламалары, мемлекеттік және ішкі гранттар, құжат тапсыру тәртібі, университет инфрақұрылымы мен студенттік өмір туралы кең көлемде ақпарат берді.
«Қазақстандық білім күндеріне» 500-ге жуық оқушы қатысты. Қатысушылар университет өкілдеріне сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша толық мәлімет алды. Сонымен қатар, белсенділік танытқан оқушыларға түрлі естелік сыйлықтар мен оқу әдебиеттері табысталды.