Науаи облысында Наурыз мерекесіне арналған “Құндылықтарың баянды болсын, Наурыз!” атты кең көлемді іс-шаралар өтіп жатыр
Науаи облысының барлық ауылдық азаматтар жиындарында және махаллаларында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамына орай “Құндылықтарың баянды болсын, Наурыз!” ұранымен түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл мерекелік бағдарламалар ұлттық болмысымызды жаңғыртып, салт-дәстүрімізді ұлықтауға бағытталған.
Осы орайда, дәл осындай мерекелік шаралардың бірі Тамды ауданына қарасты “Сөкітті” ауылдық азаматтар жиынында, №7 жалпы білім беретін мектепте өтті.
Іс-шара барысында мектеп оқушыларының қатысуымен ұлттық салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарымызды бейнелейтін сахналық көріністер қойылып, әсерлі ән-күймен әрленген мәдени бағдарлама ұсынылды. Жиналған жұртшылық ұлттық киім киген бүлдіршіндердің өнеріне тәнті болып, көтеріңкі көңіл-күйде Наурыздың шынайы шуағын сезінді.
Мерекелік шара ауыл халқын бірлік пен берекеге үндеп, жастардың бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыруға септігін тигізді.
Дереккөз: Тамды ауданы әкімдігі