Назым Қызайбай бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанды

17 Наурыз 2025

2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті.

Ол 48 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетті.

Қазақстандық боксшы ақтық сында ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша Назым айқын басымдықпен жеңді.

Осылайша Назым Қызайбай үшінші рет әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылы жеңіс тұғырының биігіне көтерілген еді.

Мемлекет басшысы Назым Қызайбайды жарқын жеңісімен құттықтады:

"Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін".

Назым Қызайбай бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанды