Қолөнерді кәсіп еткен мұғалім

12 Наурыз 2025

       Гүлсәнем Ашылқызы – жас тігінші. Жоғары білімді ұстаз болса да кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын кейіпкеріміз сүйікті ісімен бала тәрбиелеу демалысында отырып айналысады. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп жүрген қолөнер шебері халқымыздың ұлттық киімдерін -орамал, тақия, үкілі сәукеле,  жейде және көкірекше мен ұлттық шапанды түрлі оюмен өрнектеп тігеді.  Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер, тігіншілік – бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артқан.

       – Негізгі мамандығым – география пәні мұғалімі. Үшқұдық ауданы Шалқар ауылындағы №12 мектепте балаларға өз пәнімнен білім нәрін бергенмін. Бала тәрбиесімен демалысқа шыққанымда жаныма жақын сала осы тігіншілік болғандықтан, заман талабына айналған ғаламтордан білім алып, ерінбестен үйреніп, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алдым. Қазақта «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген әдемі мақал бар. Расында да, әрбір қыз-келіншек іске икемді болса, қаржыдан қысылмайтыны анық, – дейді кәсіпкер Гүлсәнем Меңлібаева.  

          1996 жылы Кенимех ауданы Жаңақазған елді мекенінде дүниеге келген Гүлсәнем жастайынан    еңбекке етене араласқан. Он саусағынан өнер тамған арудың қолынан шыққан бұйымдар Үшқұдық, Кенимех ауданындағы талай үйдің,  атап айтқанда Қазақстан Республикасы Теміртау қаласындағы қандастардың киім кешегінің сәнін келтіріп тұр.
       «Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Тігін өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Бұл – көз майын тауысып істейтін шығармашылық қол еңбегі. Өзім тіккен бұйымдарыма қарасам, әрқашан көңіліме қуаныш сыйлайды. Ең кереметі, тапсырыс берушілердің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені шабыттандырады. Көпшілік қауым қыз жасауына, ұлттық нақыштағы, қазіргі заманға сай, қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген бұйымдарға көп тапсырыс береді», – дейді қолөнер шебері.
Қазір қолдан жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Адамдар, әсіресе жастар өзінің авторлық дизайны бойынша тігілген ерекше, сәнді бұйымдарға қызығады. Тігіншілік – тиімді кәсіп. Ең бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көруің керек. Кейіпкеріміз Гүлсәнем Ашылқызы тек тігін тігумен шектелмей, қолөнерге қызығатын жандарды осы кәсіпке баулып, енесі Іңкәр Досболовамен бірге  тігін тігудің қыр-сырын үйренгісі келетін қыз-келіншектерді баулып жүр. Ісмер келіншек отбасыда үлгілі келін, аяулы ана. 

         «Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жетелейді, қанаттандырады, бақытқа жетелейді. Ең бастысы, ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Енді өзімнің тігін шеберханамды ашсам деп әрекет етіп жатырмын. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді. Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, сапалы бұйымдар тігіп, өз мәдениетімізді, тігін өнерін әлемге танытқым келеді», – дейді қолөнерші.

 

Автор:Гүлдана Төреханқызы.

Науаи облысы Үшқұдық ауданы

Қолөнерді кәсіп еткен мұғалім