Пай-Пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай...

12 Наурыз 2025

         Баланың санасына ұлттық құндылықтарды дарытып, салт-дәстүрге, тілге, дінге деген көзқарасты қалыптастыратын — отбасы. Сондықтан тәрбие беретін ата-ананың өзі саналы, дүниетанымы кең, рухани жағынан бай болғаны абзал. Қазақта «Қыз —  өрісің» деген аталы сөз бар. Қыз бала бойжеткен соң ақ босаға аттап, бір үйдің түтінін түзу түтететін келінге айналады. Халқымыз «Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан», «Келін – үйдің құты» деген аталы сөздер бекерден-бекер айтылмаған. Өйткені әулеттің көркеюі мен өсуі босағаны оң аяғымен аттап кірген жас келінге байланысты. Жөн-жосықты білетін, көркіне ақылы сай келін — бір әулеттің мақтанышы, отағасының мерейі. Мұндай жаннан ұлағатты ұрпақ тарайды.
         Ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында Тамды аудандық мәдениет үйінде «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» байқауы өткізіліп, бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ауылдақ азаматтар жиындарындағы ибалы келіндеріміз өзара сайысты. Ақылды да үлгілі келіндерді бағалау қазылар алқасына оңайға соқпады.  Байқауға ауданымыздан үй мен жұмыстың тізгінін қатар ұстап, халықтың батасы мен ыстық ықыласына бөленіп жүрген үміткерлер 4 шарт бойынша өзара бақ сынады. Алғашқы  бөлімде өздерін таныстырып, кейінгі шарттарда қатысушылардың шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, суырып салу тапқырлығы, көркемсөз оқу шеберлігімен сыналды.  «Қолы шебер, ісі бекем» аталған үшінді бөлімде қатысушылар қолөнерін көрсетсе, «Бармағынан бал тамған...» атты кезеңде олар әкелген ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын айтып берді. Сайыс қатысушылары осылайша кәсіпте де, ошақ басында да нағыз қазақ әйелдерінің қолынан келмейтін дүниенің жоқ екендігін көрсетті.
     Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Тамды аудандық мектепке дейінгі және мектепке білім беру бөлімі атынан қатысқан А.Ертөстікова бас жүлдеге лайық деп табылып, қалған қатысушылар номинацияларды еншіледі.  
                                             

Автор: Г.Нарынбетова,
Өзбекстан республикасы Науаи облысы Тамды ауданы.

Пай-Пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай...