«Отандастар қоры» КеАҚ мен «Қазақ Газеттері» ЖШС ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды

06 Наурыз 2025

 

Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде маңызды оқиға орын алды: «Қазақ газеттері» ЖШС мен «Отандастар қоры» КеАҚ екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне бастау болатын меморандумға қол қойды. Бұл құжат – шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи отанымен байланысын нығайтуға, олардың жетістіктерін насихаттауға және қазақ басылымдарының қандастар шоғырланған өңірлерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Меморандум аясында екі тарап бірқатар маңызды жобаларды талқылады. Атап айтқанда, өз саласында үздік нәтижеге жеткен білікті қандастарды елге таныстыру және қандастармен мәдени-рухани байланысты күшейту мәселелері көтерілді.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Рамазанұлы өз сөзінде «Қазақ газеттері» басылымдарының ақпараттық саладағы рөлін ерекше атап өтті:

“Қазақ газеттері – ел жаңалықтарының темір қазығы. Басылым беттерінде шетелдегі қандастарға қатысты өзекті мәселелер мен маңызды ақпараттар үнемі жарық көріп келеді. Мұны сыртта жүрген отандастарымыз да жақсы біледі және осы басылымдарды тұрақты түрде оқуға тырысады. Ендігі мақсат – осы ынтымақтастық аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып, шетелдегі қазақтардың әлеуетін ел игілігіне тиімді пайдалану.”

Өз кезегінде «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Дихан Қамзабекұлы ел басылымдары сырттағы қандастардың тұрмыс-тіршілігін үнемі назарда ұстап, олардың мәселелерін қоғамға жеткізуге күш салып келе жатқанын атап өтті.

Бұл меморандум екі ұйымның алдағы бірлескен жұмысына тың серпін беріп, шетелдегі қазақтармен байланысты одан әрі нығайтуға жол ашады. Ұлттық бірегейлікті сақтау, мәдени және ақпараттық қолдауды күшейту бағытында жаңа бастамалардың жүзеге асуы күтілуде.

«Отандастар қоры» КеАҚ мен «Қазақ Газеттері» ЖШС ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды