Түркияда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы тойланды

05 Наурыз 2025

Анкарада Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясындағы еске алу жылының ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Анкара музыка және өнер университетінің ректоры, Түркі әлемі өнер университеттері кеңесінің басшысы Ерхан Өзден, Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар, дипломаттар, депутаттар мен қазақ диаспорасы қатысқан.

Ашылу салтанаты Анкараның атақты «Түркі әлемі» музыка тобының Н.Тілендиев шығармаларын орындауымен бастау алған. Одан әрі қонақтар композитордың фотокөрмесінің тұсауын кесіп, Н.Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұхан Шаймерденов келген қонақтарға ұлы күйшінің өнер және өмір жолын таныстырған.

«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы бізге тек өнердің биігін көрсетіп қана қоймай, еліміздің мәдениетіне және ұлттық бірегейлігіне деген сүйіспеншілікті арттырады. Оның елі үшін сіңірген еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз», деді Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.Раев Нұрғиса Тілендиевтің тек қазақ жұртына ғана емес бүкіл түркі әлеміне белгілі тұлға болғанын алға тартқан.

Қазақстаннан арнайы келген Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәли, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің күйшісі Арсен Тұрсын, Анкарадағы қазақ студенттерінен құралған «Отау» ансамблі композитордың керемет шығармаларын орындап, іс-шараға ерекше атмосфера сыйлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Әзербайжанда өткен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің Мәдениет министрлерінің 40-шы тұрақты кеңесі қорытындысы бойынша 2025 жыл Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясындағы ұлы композиторды еске алу жылы болып жарияланған болатын.

Автор: Қырмызы Жұмағалиқызы
Дереккөз: Egemen.kz

 

Түркияда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы тойланды