2024 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шықты

28 Ақпан 2025

Ташкент қаласында Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты Қазақ әдебиеті кеңесінің есеп беру отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Жиынға кеңес төрағасы, мүшелері мен Өзбекстандағы белгілі қазақ қаламгерлері қатысты. Оның барысында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қазақ-өзбек әдеби байланыстарын нығайту мүмкіндіктері талқыланды. 

— Былтыр Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға тарта кітабы жарық көрді. Еңбектердің тең жартысы Қазақстандағы баспалардың көмегімен жарияланды. Сондай-ақ бірқатар қазақ жазушысының шығармасы Өзбекстанда басылып шықты. Бұл екі ел арасындағы әдеби байланыстардың тереңдей түскенін айғақтап отыр, - деді Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

2024 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлері Абдулла Рүстемовтің «Қайран дүние», Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды» атты еңбектері жарияланды. Сонымен қатар Жарасқан Мырзамұратовтың «Ақиқаттың дәмі ащы» және Лола Жүнісқызының «Қарасу жырлары» кітаптары басылып шықты. 

— «Отандастар» қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Ұлы дала» халықаралық байқауында Жарасқан Мырзамұратов пен Лола Жүнісқызы жеңімпаз атанды. Мұны Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің жетістігі деп санаймыз. Аталған екі жазушы Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Сондай-ақ ақын Қошқарбай Байжігітов те одақтың мүшелігіне өтті, - деді Тұрсынәлі Ахметов. 

Бүгінде көршілес мемлекетте қолына қалам ұстаған 70-ке жуық қандасымыз бар, солардың 13-і - Өзбекстан Жазушылар одағына мүше. 

Олар көбіне көркем аударма, поэзия бағыттарында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл ретте былтыр Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі куәлігін алды. 

Айта кетейік, Өзбекстандағы қандас қаламгерлердің еңбектері осы мемлекеттегі қазақ мектептеріне таратылады.

 

Дереккөз: ҚазАқпарат

2024 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шықты