Тамырымыз бен тарихымызға мұқият болайық!

24 Ақпан 2025

Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданында авторлық өнер мектебімді ашудағы басты мақсатым – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дәріптеу, АҚШ-тағы қазақ балаларының қарым-қабілетін ашуға жағдай жасау. Бұл мектепте балалар қазақтың ұлттық өнерін жетік меңгере алады. Біз өнер мектебінде ұлттық сарындағы әндер мен билерді үйретуден бөлек, әр баланың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған арнайы сабақтар өткіземіз.
Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында балалар не үйренеді деген са­уалдың туындауы орынды. Отанын аңсап жүрген қазақ балалары қазақ тілінде таза сөйлеуге машықтанады, қазақша өлеңдер оқып-үйренеді. Балалардың дауыс ырғағына, деммен жөнді жұмыс істеуіне баса мән береміз. Балалар қазақ әндерін нақышына келтіріп, әнді дұрыс орындауға дағдыланады. Пластикалық жаттығулар мен ұлттық би өнеріне үйретеміз. Балалар сахнада өзін еркін сезініп, би қимылдарын шебер орындауға үйренеді. Театр және кино саласында 17 жыл тәжірибемнің болуына орай, орталықта актерлік өнерге де баулимыз. Бұл сабақтар арқылы балалар сахна тілін түсіне бастайды, көрермен алдындағы мәдениеттілік пен жауапкершілікті, шеберлікті ұғынады. Әр баланың алдына үлкен арман мен мақсат қоя отырып, уақытты тиімді пайдалануды үйретеміз. Балалар өздерінің салт-дәстүрлерін ұмытпай, дәстүрлі ән-күйлерге, ана тіліне деген қызығушылықтарын арттырады. Бұл үдеріс балалардың шығармашылық қабілетін ашып, болашақта үлкен өнерге баруға кәсіби база қалыптастырады. Білім беру барысында мен әр баланың жеке қабілетіне қарай жұмыс істеймін. Әдіс-тәсілім, негізінен, баланың еркіндігін қолдауға, шығармашылық мүмкіндігін ашуға бағытталған. Сондай-ақ дауыстың дұрыс құрылымы мен өнердің мәнін түсіндіру арқылы балалардың ән айту мен би билеу шеберлігін дамытамыз. Мектебіміздің оқушылары арасынан қазірдің өзінде бірнеше дарынды бала қазақтың дәстүрлі аспаптарында ойнау шеберлігімен көрерменнің көзайымына айналып келеді. Олардың арасында қобыз, домбыра, жетіген секілді аспаптарда ойнайтын балалар бар. Бұл балалар ұлттық өнерімізді ғана емес, оны сақтау мен дамыту жолын да бірге алып келеді және қазақ дәстүрлі әндерін орындап, сахнада өнер көрсету арқылы көрерменнің жүрегіне жол тауып келеді. Мақсатым – әрбір баланың бойындағы дарынды ашып, оны кәсіби деңгейге жеткізу. 
Сабақ әр апта сайын сейсенбі және жұма күндері кешкі сағат 17:00 мен 19:00 аралығында өтеді. Жасы 6-дан 18-ге дейінгі балаларды қабылдаймыз. Сабақ Бруклиндегі Xin’s dance studio залында өтеді (Avenue O west, 7-қиылысы).
Шетелде жүрсем де, әр қазақтың жүрегі өзінің атамекенін іздейтіні рас. Шет жақта болғаныммен, қазақ ұлттық өнерін насихаттап, балаларымызды осы өнерге тәрбиелеуге белсене атсалысып жүрмін. 
Қазақ тілі, қазақтың ұлттық өнері, салт-дәстүрі – түп тамырымыз, тамыры жоқ ағаш шіріп құлайтыны сияқты, тамырымыздан айырылсақ, алысқа бара алмаймыз. Тамырымызға бекем, тарихымызға мұқият болғанымыз абзал. 

Дереккөз: anatili.kz

Тамырымыз бен тарихымызға мұқият болайық!