Қандастардың басын қосқан «Ұлы дала»

20 Ақпан 2025

Туған елден жырақ жүрсең, ондағы бар жауһар ойға оралады. Көз алдыңа Алатау мұнарлап, қыран бүркіт қанат қағып, құлағыңа шегірткенің шырылы естіледі. Қандастардың басын қосқан «Ұлы дала» халықаралық байқауынан да дәл осындай әсер аласыз. Себебі әр қандастың туған топырағын аңсауы, оны жеткізу формасы әртүрлі. Алғаш рет 2023 жылы Моңғолияда тұратын Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» романы көзіме оттай басылған. Өйткені атауының өзі сөйлеп, ақтарылып тұрғандай әсер қалдырды.
 

Туған елге сағыныш

Иә, байқауға қатысқан қай шығарманы алып қарасаңыз да, шығармашылық қуат сезіліп тұр. Биыл да «Отандастар қоры» КеАҚ пен Жазушылар одағы ұйымдастырған байқау өз деңгейінде өтті. Қаламгерлердің ата жұрт дегендегі жан тебіренісі, туған елге сағынышы сезіліп-ақ тұр. Былтыр осы доданың есебінен қазақ әдебиетіне тоғыз туынды қосылған. Осы жолы да «сен тұр, мен атайын» дейтін шығарма жетерлік. Бастысы, әдеби әлем өкілдерінің бір-біріне ықыласы ерек. Мәселен, «Қобданың қоңыр желі» кітабының авторы Рысбек Зұрғанбайұлы жас қазақ ақын-жазушыларының шығармасын көргенде қуанатынын айтады. Бірақ жастардың басым бөлігі поэзия жанрында қалам тербейтіні, проза және басқасына дендей бермейтініне қынжылатынын да қосты. Жалпы, бұл қаламгердің қазақ-моңғол тілінде отыздан астам шығармасы жарық көрген. Ол қордың осындай байқаудың өтуіне мұрындық болғанына дән риза. 
«1940 жылдары Баян-Өлгейде алғаш рет қазақ тіліндегі газет шықты. Ол Моңғолиядағы тұңғыш аймақтық деңгейдегі газет ретінде тарихқа енді. Осы сәттен бастап қазақ ақын-жазушыларының ауызекі тарап жүрген жыр-шумағы, туындысы газетте басылып шыға бастады. 1957 жылы «Жаңа талап» атты жеке альманах шығып, ол 1969 жылы «Шұғыла» деген атпен ұлғайтылып, кең көлемде тарады. Сол жылдары Моңғолия Жазушылар одағының Баян-Өлгей аймақтық бөлімшесі құрылды. Ондай аймақ сол жылдары тек бізде ғана болды. Нәтижесінде 1960–1980 жылдары Моңғолиядағы қазақ ақын-жазушыларының әдебиеті қарқынды дами бастады. Мықты ақын-жазушылар шықты. 1990 жылдан бастап олардың басым бөлігі Қазақстанға көшті, бірқатары өмірден өтті. Бірақ артында өшпейтіндей мұрасы қалды», – дейді Рысбек Зұрғанбайұлы. 
Бұл байқаудың мақсаты – шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуына жаңа серпін беру. Айтқандай, жоба діттеген мақсатына жетіп жатыр. Әрбір жазушының жүріп өткен жолы, еңбегі, ата жұртына ықыласы көрініп-ақ тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ диаспорасы бар. Әсіресе Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Еуропа елдері және АҚШ-та тұратын қандастардың арасында әдебиетке ынтызар қаламгерлер аз емес. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, қазақ диаспорасының әдеби мұрасы, негізінен, екі бағытта дамып жатыр. Біріншісі – дәстүрлі ауыз әдебиеті, яғни қандастардың жадында қалған фольклорлық шығармалар. Қазақтың ертегілері, аңыздары, дастандары әлі күнге дейін қандастардың арасында үлкен сұранысқа ие. Екіншісі – жазба әдебиеті. Шетелдегі қазақ жазушылары өз туындысы арқылы ұлттық сана-сезімді оятып, ана тілін ұмытпау үшін ықпал етіп жатыр.
Әрі шетелдегі қазақ әдебиеті технологиялық мүмкіндіктің арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Қазір кітаптардың электронды нұсқасы кеңінен таралып, қазақ қаламгерлерінің шығармасы кім-кімге болсын қолжетімді. Оның үстіне «Ұлы дала» сияқты ірілі-ұсақты байқау олардың танымал болуына әсер етіп жатыр. Диаспорадағы қаламгер жазған шығарма көбінесе ұлт тағдыры, туған жерге сағыныш, тарихи шындық, мәдени мұра тақырыбын қамтиды. Олардың еңбегі – тек қазақ диаспорасы үшін ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеті үшін құнды дереккөз. Айталық, «Антиөлшем» кітабының авторы Сұраған Рахметұлын әңгімеге тартқанымызда, текті оқырман тәрбиелеу турасында ой қозғады. Автордың Моңғолиядағы Шығыстану институтында бірнеше жыл Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісін зерттеумен айналысқанын білеміз. Оның бұл еңбегі моңғол тіліне аударылса, қазір түрік тіліне аудару жұмысы басталып кеткен. Өзі де қазақ әдебиетіндегі құнды шығармаларды шетел тілдеріне аударуды мақсат етеді. Әрі осы жұмыстың басы-қасында жүр. Мысалы, Рахымжан Отарбаевтың басты романын моңғол тіліне аударуды бастаған. Ақын Шахизада Әбдікәрімовтің топтама өлеңдерін моңғол тіліне аударып, бастырған. Қазақтың белгілі драматургі Иран-Ғайыптың «Шыңғысхан» драмасын да моңғол тіліне аударған. Сонымен қатар нәубет құрбандары, АЛЖИР, Карлаг тақырыбына арналған Қалқаман Жайлыбайдың «Қара орамал» атты үлкен поэмасын да моңғол тіліне аударуды қолға алған. Зардыхан Қинаятұлының қазақ тарихына, Шыңғыс хан дәуіріне қатысты қазақша жазылған еңбектерін де моңғол тіліне аударып жүр.

Араны жалғаған әдебиет

«Жалпы, әдебиет дегеніміз – қарапайым көпшілік оқырманнан бөлек, жоғары деңгейде ойлайтын элита оқырманға арналған дүние. Біз қазір кімді тәрбиелеп жатырмыз? Текті оқыр­ман, элита оқырман қалыптастыруға атсалысып жүрміз. Сондықтан «Антиөлшем» кітабында Қазақстанның рухани мәселесіне байланысты көптеген ақпарат бар. Мысалы, жоғалып бара жатқан жанрлар бар. Соған қатысты біршама мәселені осы кітапта қамтимыз. Екіншіден, эссе деген үлкен жанр бар. Бұл бағыт осыдан 4–5 ғасыр бұрын басталған. Осы ретте мақсатымыз – эссенің жаңа түрлерін қалыптастырып, әлем әдебиетіне бейімдеу. Кітапта әдебиеттегі қалып бара жатқан жанр – сапарнама жанры туралы да жазылды. Сапарнаманы тек қана бір адамның саяхаты туралы әңгімелеу деп қарастырмаймыз. Онда сол жердің жалпы аумақтық тұтастығы, табиғаты, жер қыртысы, мәдениеті мен тарихи құндылықтары қамтылуға тиіс. Үшіншіден, қазіргі поэзияның халі қандай? Әртүрлі әдеби бағыт бар. Мысалы, постмодернизм – үлкен шеберліктің шыңы, ал одан кейін метамодернизм келеді. Осы бағыттар бо­йынша да біраз ерекшелікті қарас­тырып, жастардың оқуына қатысты ойымызды тоғыстырдық. Бұл кітап жоғары оқу орнында әдебиеттану саласын зерттеп жүрген шәкірттер мен ғалымдарға арналған», – дейді Сұраған Рахметұлы. 
Расымен, «Ұлы дала» халықаралық байқауы арқылы шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуына қолдау көрсетіліп, олардың шығармалары қалың оқырманға жетуге мүмкіндік бар. Байқау барысында жеңімпаздардың еңбегі басылып шығады. Мұндай жобалар қазақ әдебиетінің келешегі үшін өте маңызды. Шетелдегі қазақ жастары әдебиетке қызығушылық танытып, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылыс жасап жатыр. Сонымен қатар байқау шетелдегі қазақ жазушыларына Қазақстандағы әдеби ортаға қосылуға жол ашты. Мұны қандас қаламгерлер де мойындап отыр. Олар шығармасы қазақ оқырманының қолына тигеніне, ата жұртта басылып шыққанына қуанады. 
 «2023–2024 жылдары бас-аяғы 18 шығарма жарық көрді. Оның ішінде поэзия, проза, эссе зерттеу де бар. Мәселен, Рысбек Зұрғанбайұлының «Қобданың қоңыр желі» жинағы өлеңдер, балладалар және толғаныстардан тұрады. Автордың туған өлкеге деген сағынышын, өмірге философиялық көзқарасын бейнелейді. Сондай-ақ Көпбосын Сәскиннің «Қайтқан қаздың дауысы» жинағы дәстүрлі қазақ поэзиясының көркем үлгісі дер едім. Ал прозалық шығармалар арасында повестер мен әңгімелер жинағы жетерлік. Ербақыт Нүсіпұлының «Кімді кінәларсың...» кітабында түрлі тақырыптағы повестер мен әңгімелер қамтылған. Адам тағдыры, күрес пен үміт мәселесі көрініс тапқан. Шынай Рахметұлының «Маусымжан» жинағы қазіргі заманғы әртүрлі тақырыпты қамтитын әңгімелерден тұрады. Көлемді проза жанры бойынша ерекше атап өтуге болатын шығарма – Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» дилогиялық романы. Бұл роман тарих пен бүгіннің байланысын суреттейді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы қазақ халқының рухани әлемін ашып көрсетеді. Тарихи зерттеулер мен танымдық еңбектер қазақ диаспорасының өткені мен бүгінін таныстыру үшін маңызды құрал. Абдусаттар Нұралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» еңбегі Тәжікстан қазақтарының тарихын баяндайды. Осындай бірнеше зерттеу кітабы жарыққа шықты», – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ өкілі Әлжан. 
Иә, Геннадий Ташпековтің «Казахи Волгоградской области: история и современность» кітабы Волгоград өңіріндегі қазақтардың тарихы мен қазіргі жағдайын сипаттайды. Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақ диаспорасының тарихы және қазіргі жағдайы» еңбегі қазақтардың Еуропаға қоныстану тарихын зерттейді. Таухай Тайфтың «Керуен-ғұмыр» кітабы – Баян-Өлгей қазақтарының тұрмыс-тіршілігіне арналған автобиографиялық еңбек. Бұл шығармалар қазақ диаспорасының әдеби тынысын танытып қана қоймай, олардың ұлттық болмысын, өмір салтын, тарихи жадын сақтауға деген ұмтылысын көрсетеді. Әрбір туынды алыста жүрген қандас­тың жүрек түкпіріндегі сағынышын, туған жерге сүйіспеншілігін бейнелейді. Сонымен қатар бұл кітаптар қазақ әдебиетінің жаһандану дәуіріндегі орнын айқындап, оның халықаралық деңгейде танылуына жол ашады. Осындай туындылардың жарық көруі қазақ руханиятының шетелдік кеңістікте де өз арнасын кеңейтіп келе жатқанын дәлелдейді. 
«Ұлы дала» халықаралық байқауы шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуына жаңа серпін беріп, қазақ диаспорасы қаламгерлерінің шығармаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік жасады. Бұл жоба тек әдебиет саласына ғана емес, жалпыұлттық бірегейлікті сақтауға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге зор ықпал етті. Байқау жеңімпаздарының кітаптары қазақ әдебиетінің шекарадан тыс дамуына, шетелдегі қандастарымыздың рухани өміріне серпін берді. Сондай-ақ бұл байқау арқылы жаңа есімдер танылып, олардың туындысы Қазақстандағы әдеби ортаға жол тартты. Кейін де қазақ әдебиетін жаһандық деңгейде насихаттау үшін «Ұлы Дала» секілді жобалардың ауқымы кеңейіп, қазақ қаламгерлерінің шығармасы көпшілікке қолжетімді бола түседі деген ойдамыз.

 

Автор: Айзат Айдарқызы
Дереккөз: Anatili.kazgazeta

Қандастардың басын қосқан «Ұлы дала»