– Көпшілік Германияға қоныс аударған немістердің той-томалақтары сізсіз өтпейтінін, тіпті мерекелеу күнін сізге бола ауыстыратынын айтады. Германияда көп тапсырыс алатын сіз бастапқыда Қазақстанда да танымал бола бастағаныңызды білмепсіз де. Сол рас па?
– Расында да білген жоқпын. «Одноклассники» желісінен бір танысым хабарласып: «Пауль, сен Қазақстанда танымал болып кеттің ғой» деп жазды. Қарасам, «Той жыры» видеосының астына көпшілік ыстық лебізін жазып кетіпті. «Бұл кім? Аты-жөні қалай?» деп танысқысы келіп, іздегендер де бар. Арасында өзіміздің ақсуаттықтар да бар. Мен 1977 жылы сол кездегі Семей облысы Ақсуат ауданында дүниеге келдім. Онда орыс мектебінде оқыдым, дегенмен қазақтармен доп теуіп, қой бағып жүріп, қазақ тілін ерте жастан жетік меңгеріп алдым. Одан бөлек, аудандағы Абай Құнанбайұлы атындағы музыкалық мектепте бес жыл білім алып, баян сыныбын бітірдім. 1995 жылы немістерді тарихи Отанына шақырған арнайы бағдарламаға құжат тапсырып, ақыры Германияның Фетха кентіне қоныс аудардық.
– Бастапқыда жаңа ортаға үйренісіп кету қиын болғаны анық...
– Әлбетте, қиын болды. Қазақстанның кең байтақ даласында өсіп-өнген біз бәрі жабық, көшелері тарлау жерге бой үйрету оңайға соқпады. Біз – басқа немістерміз. Олар – тіптен басқа немістер. Біз оларды, олар бізді түсінбей, дал болдық. Біз шваб диалектісінде сөйлесек, олар жоғары неміс тілінде сөйлейді. Кейін біз ол тілді де меңгердік. Бейімделу процесіне бас-аяғы алты жыл уақытым кетті. Кейін әкем мен шешем жұмысқа шықты. Ал мен ұстаның оқуын оқыдым. Сосын жұмысқа тұрдым. Жұмыстан келген соң үйде үнемі баян тартатынмын. Негізі, мен – музыкасыз жүре алмайтын жанмын. Ақсуатта көрші қыздар «Павлуша, бізге баян тартып берші» деп көшеге шақырып алатын. Ол уақытта аулада түрлі концерт жасайтын едік. Мен ортада баян тартып отырамын. Қыздар біресе би билейді, біресе ән айтады. Бәріміз де өрістен қайтқан қойды қамауға жауаптымыз. Сол қойлардың алдынан шығып, концертпен күтіп алатын едік (күліп). Қой қамаған соң да, концертімізді жалғастыра беретінбіз. Көше жақта бір лашық бар-тын. Қыздар сол лашықтың үстін сахна деп елестетіп, ән айтады. Мен төменде сүйемелдеп тұрамын. Көршілер ду қол шапалақтап, тиын-тебен беретін. Сол сәттер әлі күнге дейін көбінің есінде екен.
– Германияның той-томалақтарында қай кезден бастан ән айта бастадыңыз?
– Германияға көшкенге дейін ауданда үлкен оркестрде ойнап, хор солисі болғанмын. Оның бәрі оңай ұмытыла салмайды ғой. Бір күні бұлай жүре бергенше, тойларға шығып, ән айтқаным дұрыс болар деп шештім. Ол үшін маған синтезатор мен гитара қажет. Ақша жинап, екі аспапты сатып алдым. Алғашында синтезаторға «Аспанда тырналар барады, айлар жылдарға толады» әнін айтып көрдім. Бірде «Дос-Мұқасан» тобының әйгілі «Той жыры» әнінің минусовкасын тауып алдым. Ол әнге клип әзірлеп шығардым. Ол туындым ел ішіне «вирус» болып таралып кетті. Ақырында, танымал бола бастадым. Сосын «Астапурай», «Құдалар» әнін орындадым. Ол туындылар да көп сұралды. Сөйтіп жүргенде Ольгамен бірігіп тойға шығуды қолға алдық. Ольга – Көкшетаудың тумасы. Германияға көшіп келгелі бері ол өз жағында, мен өз жағымда қазақ музыкасын дәріптеп, орындап жүрдік. Бірде оның музыканты ауырып қалып, оның орнына шығып бердім. Содан бері екеуіміз той-концерттерге бірге шығып жүрміз. Біз тапсырыс алған бірінші тойда «Дос-Мұқасанның» «Той жыры» әнін айтқанбыз. Тойға жиналған, бала кезінде, бозбала шағында, есейген шақта Қазақстаннан Германияға қоныс аударған ұрпақтар ән басталған тұста-ақ «Мына әнді бала кезден білемін ғой!», «Бұл ән – менің жастық шағымның куәсі» деп таң-тамаша болып, бізбен бірге айтып шықты. Ізінше бізге алғыс жаудыртып, алғашқы тойымыз жоғары деңгейде өтті. Осыдан кейін репертуарымызға қазақ әндерін көптеп қосу керек екенін түсіндік. «Ақ сәулем», «Махаббат жоқ», «Шудың бойында» әндерін жаздық. Бұл әндерді орындаған соң, танымалдығым арта түсті.
– Тойға тек қазақ әндерін айтқызу үшін шақырады десек, қателесемін бе?
– Қателеспейсіз. Тек қазақ әндерін айту үшін шақырады. Орысша тыңдағысы жоқ. Кешке дейін қазақша ән айтып шығамыз. «Аспанға қараймын», «Шудың бойында», «Ақ сәулем», «Той жыры» композицияларын біздің немістер сүйсініп тыңдайды. Қазақстаннан қоныс аударған немістерден бөлек, осында көшіп келген орыстар да «Бізге келіп, бір-екі қазақша ән айтып бересіз бе?» деп тойларына шақырады. Бір күні Қазақстан консулдығының өкілдері хабарласып, «Біздің іс-шараға келіп, «Шудың бойында» әнін айтып бересіздер ме?» деп қолқа салды. Біз ол әнді үш тілде, қазақша, немісше және орысша аударып айтып бердік. Кейін өзіміз Наурыз мерекесін атап өтуді қолға алдық. «Наурыз тойлағалы жатырмыз» деп хабарлағаным сол-ақ екен, бір аптаның ішінде билеттер өтіп кетті. Ол мерекеге Германияның әр бұрышынан үш жүзге жуық адам жиналды. Көпшілігі шапан мен тақия киіп алған. Наурызды елдегідей нағыз мереке деңгейінде атап өттік. Қазақша хит әндерді орындап, арқа-жарқа болдық. Қайтарда алғысты қарша боратқан көпшілік «Келесі жылы тағы бола ма?» деп сұрап, осы бастан орынға тапсырыс беріп қойды. Биыл, бұйырса, тура 22 наурыз тағы мереке ұйымдастырмақпыз. Қазақстаннан Адам деген әнші келіп, үлкен концерт қоямыз. Айтпақшы, бізге қазақ әндерін бүкіл Германияға насихаттағанымыз үшін елден марапат бұйырды. Елшілік өкілдері бізді арнайы Берлинге шақырып, салтанатты түрде марапаттады. Ольгаға «Шапағат» мемлекеттік медалін тақты. Ал мен ІІ деңгейлі «Достық» ордені иегері атандым. Сенбессіз, алайда мен – бұл орденді алып тұрған екінші неміс екенмін. Маған дейін мұнда ішкі экономика министрі болған бір қайраткер алған екен. Мен сол үшін өте қуаныштымын.
– Әлеуметтік желіде бізден көшіп кеткен немістердің Қазақстанға, қазақ халқына алғыс айтқан сәті таспаланған видеоларды көптеп табуға болады. Ол видеолардың астына қазақтардың аямай тілек жазғанын оқып көңіліңіз босаған сәттер болған шығар.
– Немістер мен қазақтар қиын, сөйте тұра бейбіт заманда бірге өскен соң, бір-бірімен мәңгіге «байланыста» болады. Немістер қазақша жетік білді, неміс тілін беске білген қазақтар да болды. Бір-бірінің ұлтын, ділін сыйлады. Сондықтан әрине, мұндағы немістер өткенге көз тастап, сағынады ғой. Менің клиптерімнің астында сан мыңдаған пікір жазылған. Оқып отырып, көзіңе жас келеді. Пікір жазған қазақтардың көбі «Неміс көршілеріміз бізбен бәрін бөлісетін...» деп естен кетпес естеліктерін жазады. Ол – рас. Қазақтар да бізден ештеңені аямайтын. Көршіміз Бағлан апай жеті шелпек пісірген сайын бізге әкеліп беретін. Анам да бірдеңе пісірсе, оларға апарып береді. Менің әкем қазақша таза сөйлейді. Ол ауданда тұрғанда Қытай қазақтарымен жақын араласты. Сондықтан жергілікті қазақтардың ғана емес, олардың көшу тарихын да жақсы біледі. Жалпы, Ақсуаттан қоныс аударған немістер бас қоса қалса тек қазақша сөйлеседі. Олар қазақ тілін ұмытқысы келмейді, сол үшін жиналған сайын сол тілде шүйіркелеседі. Қазақ тілін сақтап қалғанымыз өз алдына, біз көшіп кеткенімізге отыз бес жылдан астам уақыт өтсе де, қазақтың ұлттық тағамдарын да ұмытқан емеспіз. Қазақтардан не үйрендік, соны осында алып келдік. Жергілікті немістер мүлде басқа тамақ жейді. Ал біз дәмі тіл үйіретін бауырсақ, қазақша ет, қуырдақ әзірлеп жейміз. Мысалы, мен арада отыз бес жыл өтсе де, құрттың дәмін ұмытқан емеспін. Біле білсеңіз, құрт – осында көшіп келген немістер үшін әлі күнге дейін Қазақстанның ақ алтыны. Қазақстаннан келетіндерге «Ештеңе де керек емес. Құрт ала келсеңдер болғаны» дейміз. Германияда қазы жасап сататындар жетерлік. Қымыз әзірлейтін де маман барын білетін боларсыз. Тек құрт жасалынбайды. Құрт – біз үшін жай ғана тағам түрі емес, құнды нәрсе. Елден кеткен немістерге туған жерін еске түсіретін атрибуттың әрбірі қымбат. Әр немістің үйінде Қазақстан шоколадын, Қазақстанның Туын табасыз. Ал қазақша ет әзірлесе – үйінде үлкен мереке. Оны міндетті түрде видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салу керек. Онсыз болмайды (күліп). Ақсуаттан тоқсаныншы жылы көшіп келгендер қазақша таза сөйлейді деп айттым ғой. Олар беташар, бата беру секілді қазақтың салт-дәстүрін де берік ұстанады. Үйдің үлкені бата бермейінше ешкім тамақтан дәм тата алмайды. Ақсуаттықтар демекші, мені көпшілік Ида Васильевнаның ұлы деп таниды (күліп). Менің анам – Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім. Сосын маған әлдебіреу «Павлуша» десе, елең ете қаламын. Бірден біздің жақтан, Ақсуаттан екенін білемін. Себебі біздікілер мені осылай атайды.
– Соңғы берген сұхбатыңызда «Қазақтың музыкалық колоритін сақтау – біздің парызымыз» деген екенсіз. Қазақстанға келіп концерт қоймақ та болыпсыз.
– Иә, бұл – менің парызым. Қазақстан – туған жеріміз. Кіндік қаным тамған жер. Мұндай қасиетті жердің тілінде сөйлеп, әнін орындау – мен үшін мақтаныш. Өткен жылы Қазақстанға келіп, концерт қойып, ел ішін араламақ болғанбыз. Оған ондағы көп елді мекендегілерді дүрліктірген су тасқынына бола бұл ойымыз іске аспай қалды.
– Қазақстаннан көшкелі бері елге келе алдыңыз ба?
– Жоқ. Елге бармағаныма отыз бес жыл болды. Қатты барғым келеді. Алайда уақыт тапшы. Біле білсеңіз, біздің күнтізбеміз бір жылға алдын жоспарланған. Қазақстанға бару үшін кемі бір айымыз бос болуы керек. Туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жарандарымызды аралап шығуға көп уақыт керек. Қазақтар көптен бері көрмеген қонақты бір күнде жібере салмайтынын жақсы білесіз ғой. Мен негізі бір рет Қазақстанға барғанмын, алайда бақылау пунктінен ары аспадым. Төлқұжатымды ұмытып кетіппін. Әуежай сыртында мені елу шақты адам күтіп тұр. Мен Түркия арқылы ұшып келдім. Ал бізге Түркияға бару үшін төлқұжат қажет емес, арнайы карточка болса болғаны. Ал Алматы әуежайындағылар төлқұжат талап етіп тұрып алды. Содан не керек, Алматының әуежайынан аспасам да, туған жердің топырағын бір сүйіп, Германияға қайта ұшып келдім. Бұйырса, елу жасыма дейін бір барсам деген арманым бар.
Сұхбаттасқан: Әлия Тілеужанқызы
Дереккөз: turkystan.kz