2024 жылы 9 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды

11 Ақпан 2025

2024 жылдың қорытындысы бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 950 адам, оның ішінде 3 000 қандас және 5 950 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

 

Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 3 422 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 2 547 адам, Қостанай облысына – 1 020 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 781 адам, Ақмола облысына – 537 адам, Абай облысына – 530 адам, Ұлытау облысына – 70 адам, Қарағанды облысына – 43 адам қоныс аударды.

Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Моңғолиядан – 1 072 адам, Өзбекстаннан – 908 адам, ҚХР – 762 адам, Ресейден – 164 адам, басқа елдерден – 94 адам келген.

Келушілер қатарынан еңбекке қабілетті жастағы 4 279 адамның (қоныс аударушылар мен қандастар)  2 721-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 207 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, бизнес ашу үшін 25 адам грант алды.

Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салаларда жұмысқа орналасты. 

Қоныс аударғандардың бірі –  Сүлейменовтер отбасы, олар қоныс аударғаннан кейінгі өмірлеріндегі оң өзгерістерімен бөлісті.

 

Жанболат Ақтау қаласының №1 кәсіптік лицейін «Есептеу техникасына қызмет көрсету жөніндегі техник оператор» мамандығы бойынша бітірген, жұбайы Жадырдың «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Тайынша ауданының мансап орталығы жұмысқа орналасуға көмек көрсетті. Жанболат «Көкше Техстрой» ЖШС-де жұмыс істейді. Жұбайы «Қарлығаш» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасты.

 

Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;

- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

 

 

Дереккөз:ortcom.kz

2024 жылы 9 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды