Азиаданың алауы Харбинде тұтанады

31 Қаңтар 2025

Биылғы жылдың басты жарыстарының бірі – 7-14 ақпан ара­лығында Қытайдың Харбин қала­сында алауы тұта­натын ІХ қысқы Азия ойын­дары. Қазіргі кезде еліміз­дің спортшылары осы бай­рақты бәсекеге барынша даярланып жатыр. Бас­ты мақсат – жалпы командалық есепте үз­дік үштіктің қатарынан көріну.

Кеше Астанадағы Qazaqstan жеңіл атле­­тикалық спорт ке­шенінде Қазақстан құрамасын 2025 жылғы IX қысқы Азия ойын­дарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық Олим­пиа­далық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Людмила Прокашева, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Мә­діғали Қарсыбеков, спорт арда­герлері, бапкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Рәсім барысында Ту ұстаушы хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихоноваға салтанатты түрде еліміздің Туы табысталды.

Тарихқа жүгінсек, алғаш рет қысқы Азия ойындары 1986 жылы Жапонияның Саппоро қаласында ұйымдастырылды. Арада төрт жыл өткен соң сол шаһар дүбірлі доданы қайта қабылдады. Күн шығыс елінде алауы тұтанған қос жарысқа елі­міздің қатыспағаны белгілі. Себебі ол кезде біздің ел КСРО-ның құрамында болды.

Тұңғыш рет жерлестеріміз 1996 жылы Харбинде бой көрсетті. Біздің спортшылар 34 (16 алтын+10 күміс+8 қола) жүлде алып, жалпыкомандалық есепте қарсыластарынан қара үзіп кетті. Қытай (14+8+16) екінші орында қалып қойса, Оңтүстік Корея (8+10+8) үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ бестіктің қата­рына Жапония (7+15+11) мен Өзбекстан (0+1+1) қосылды. Жарыста барлығы 17 мемлекеттің өкілдері бақ сынады.

Отандастарымыздың арасынан биатлоншы шаңғышы Павел Рябинин (3+0+0), Инна Шешкиль (2+1+0), Дмитрий Пантов (2+0+1), конькиші Людмила Прокашева (2+0+0), шаңғымен трамплиннен секіруші Дмитрий Чвыков (2+0+0) табысты өнер көрсетті. Шайбалы хоккейден еліміздің құрамасы, мәнерлеп сырғанау биінен Дмитрий Казарлыга мен Елизавета Стекольникова жұбы бас жүлдені олжалады.

1999 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында еліміз үшінші орында қалып қойды. Жер­лестеріміз 25 (10+8+7) жүлде иеленді. Көш басына Қытай құ­рамасы (15+10+11) шықты. Бұл олардың осындай көрсеткішке тұңғыш рет қол жеткізуі. Алғаш­қы екі жарыста Қытай елінің өкілдері Жапонияға жол берсе, соңғысында елімізден қа­лып қойды. Екінші орынды жарыс қо­жайындары (11+10+14) еншіледі.

2003 жылы қысқы Азиаданың алауы Жапонияның Аомирінде тұтанды. Аталған жарыста елі­міз тағы бір сатыға төмендеп, төртінші орынды қанағат тұтты. Қоржынымызда – 20 (7+7+6) жүлде. Алдымызда үш алпауыт – Жа­пония (27+26+23), Оңтүстік Корея (10+8+10), Қытай (9+11+13). Олжаға кенелген спортшыларымыз – шаңғышы Максим Однодворцев (2+2+0), Оксана Яцкая (2+1+0), Светлана Малахова-Шишкина (2+0+1). Шай­балы хоккейден ерлер құрамасы финалда жапондардан жеңіліп күміс алса, барлық қарсы­ласынан басым түскен әйелдер құрамасы алтыннан алқа тақты.

2007 жылғы дүбірлі доданы Қытайдың Чанчун қаласы қабылдады. Бұл бәсекеде жарыс қожайындарының басымдығы айқын болды. Олар 61 (19+19+23) жүлдені қоржынға салды. Екінші, үшінші орындарда – Жапония (13+9+14), Оңтүстік Корея (9+13+11). Еліміз (6+6+6) тағы да төр­тінші сатыға тұрақтады. Әнұранымызды Максим Одно­дворцев (2+0+0), Оксана Яцкая (2+0+0) екі реттен шырқатса, Александр Червяковтың (1+0+1) бір мәрте мерейі үстем болды. Ян Савицкий үш мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ шаңғышы, хоккейші қыздарымыз қарсылас шыдатпады.

2011 жылғы Азиада Алаш жерінде өтті. Жарысты екі қала – Астана мен Алматы қабылдады. Іс-шараға еліміз қатты дайындалды. Аталған шаһарларда заманауи спорт сарайлары мен кешендері (Алматы мен оның іргесінде – «Алматы Арена», «Халық Арена», «Сұңқар», «Табаған», «Алатау», Астанада – «Алау», «Сарыарқа») салынып, олар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Бұрын­нан бар ғимараттар («Ме­деу», «Шымбұлақ», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Қазақстан» спорт сарайы) күр­делі жөндеуден өтті. Барлық шы­ғынды есептегенде VII қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейді ұйымдастыруға 1,682 миллиард АҚШ доллары жұм­салды. Жарыстың ашылу салтанаты «Астана Аренада» өтсе, жабылу рәсімі Алматыда ұйым­дастырылды.

Еліміздегі қысқы ойындарға 26 мемлекеттен келген 1134 үміткер қатысты. Олар спорттың 11 түрінен 69 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Еліміздің намысын 169 өрен қорғады. Отандастарымыз 70 (32+21+17) жүлдені олжалап, жалпы есепте алдарына жан салмады. Жапония (13+24+17), Оңтүстік Корея (13+12+13), Қытай (11+10+14) секілді алпауыттар біздерден кейінгі орындарға орналасты. Сондай-ақ өз елдерінің туын көкте желбіреткендер қата­рында Моңғолия (0+1+4), Иран (0+1+2), Қырғызстан (0+0+1), Солтүстік Корея (0+0+1) бар.

Біздің спортшылар арасынан ең көп жүлде алғандар: шаңғы-шы Алексей Полторанин (4+0+1), Николай Чеботько (2+2+1), Елена Коломина (2+2+0), шаңғымен бағдарлаушы Ольга Новикова (4+0+0), Михаил Сорокин (4+0+0), Оксана Яцкая (2+0+1), биатлоншы Александр Червяков (3+0+0), Елена Хрусталева (2+1+0), фрис­тайлшы Юлия Галышева (2+0+0) сынды дүлдүлдер. Мәнерлеп сырғанаушылар сайысында Денис Тен топ жарды. Бұл оның осындай дүбірлі додада алғаш рет даралануы еді. Кейіннен Тен айшықты өнерімен төрткүл дүниені тамсандырды.

Аталған жарыста қандас­та­рымыздың да қанжыға­лары майланды. Қазақ жастары арасынан биатлоншы Диас Кенешев, шаңғымен бағдарлаушылар Аслан Тоқбаев пен Эльмира Молдашева алтын тұғырдан қол бұлғаса, фристайлшы Жібек Арапбаева күміспен күптелді. Шорт-трекшілер Абзал Әжіға­лиев, Айдар Бекжанов, Артур Сұл­танғалиев, Нұрберген Жұ­мағазиев қола жүлдеге ие бол­ды.

Соңғы Азиада осыдан жеті жыл бұрын Жапонияның Саппоро қаласында ұйымдас­тырылды. 2017 жылдың 19-26 ақпан аралығында жер жаһан­ның 32 мемлекетінен келген 1139 үміткер жарыс көрігін қыздырды. Елімізге бұйырғаны – 32 жүлде. Оның 9-ы алтын, 11-і күміс, 12-сі қола. Нәтижесінде, төртінші орынға табан тіредік. Жалпы есепте жергілікті спортшылар көш бастады. Жапондар 74 (27+21+26) жүлде алды. Одан кейінгі орындарды Оңтүстік Корея (16+18+16), Қытай (12+14+9) еншіледі. Үздік бестікті Солтүстік Корея (0+0+1) қорытындылады.

Күн шығыс елінде отандық шаңғышылар бір алтынды ғана қанағат тұтты. Оның иегері – Ринат Мухин. Одан бөлек, спорт­тың бұл түрін серік еткен сайыпқырандар 4 күміс, 2 қоланы иеленді. Шаңғышылардың төмен нәтиже көрсеткеніне ешкім таңданған жоқ. Өйткені Алексей Полторанин, Евгений Величко, Анна Шевченко бастаған бет­ке­ұстар спортшыларымыз дәл сол бәсекемен тұспа-тұс келген Финляндияның Лахти қаласындағы әлем чемпионатына қатысуды құп көрді.

Есесіне биатлоншылар асқан шеберлік танытты. Олар 6 алтын, 4 күміс, 2 қоланы олжалады. Атап айтсақ, Галина Вишневская-Шепоренко үш, Ян Савицкий екі, аралас құрама команда эс­тафеталық сайыс­та бір рет тең­дессіз деп танылды. Фристайл-могулдағы жалғыз алтынды Юлия Галышева ие­ленді. Шайбалы хоккейден елі­міздің ерлер құрамасы барлық бәсекелесінен басым түсіп, жеңімпаз атанды. Бір кереметі, біздің жігіттер өз қақпаларына бірде-бір шайба соқтырған жоқ. Әйелдер командасы үшінші орынды иеленді. Еліміздің қа­тысуымен өткен қысқы Азия ойындарының қыс­қаша тарихы осындай. 

Азиаданың алауы Харбинде тұтанады