Кеше бокстан 2025 жылғы Өзбекстан чемпионаты аяқталды. Ташкент рингіндегі финалдық жекпе-жектерде 4 қазақтың баласы бақ сынады.
Олардың екеуі жеңіске жетіп, Өзбекстан чемпиондары атанды – Мадияр Данияров (60 келі) және Руслан Абдуллаев (63,5 келі).
Ал екеуі финалда "сүрініп", күміс жүлдені қанағат тұтты – Мадияр Сайдрахимов (92 келі) және Арман Маханов (+ 92 келі). Біріншісі Турабек Хабибуллаевтан, ал екіншісі Джахонгир Зокировтан ұтылып қалды.
Енді екі қазақ Өзбек елінің қола жүлдегерлері атанды - Сабыржан Тастанов (54 келі) және Саят Ильясов (63,5 келі).
Жалпы, биылғы Өзбекстан чемпионатына 15 қазақ қандасымыз қатысыпты: Саят Ильясов, Сабыржан Тастанов, Арман Маханов, Қазбек Есенгелдиев, Ғанибек Мураткасимов, Машрап Абдукаим, Асылхан Анарбаев, Мадияр Данияров, Айдос Тағайбаев, Амантай Шаланов, Иманғали Жайлауов, Сүндет Муратов, Нурислам Абдуллаев, Мадияр Сайдрахимов және Руслан Абдуллаев.
Автор: Нұрғазы Сасаев