Жерлесіміз Жапонияны дүр сілкіндірді

29 Қаңтар 2025

Токиодағы 11 мың көрерменге арналған әйгілі «Рёгоку Коку­гикан» стадионында жалауын көтерген элиталы сумо күресінің қысқы турнирі мәресіне жетті. Бұл бәсекеде алматылық Ерсін Балтағұл үздіктер қатарынан көрінді.

Ерсін Балтағұл (Жапонша лақап аты – Кинбозан Харуки) хацу бащё турнирінің ең жоғарғы (макучи) дивизионында үздік үштікке кірді. 15 күнге созылатын айтулы бәсекенің 14 күнінде алда келе жатқан Кинбозан ақ­тық сында жапон балуаны Охо Коносукеден жығылды. Финалда ұпай сандары теңескен моңғол балуаны Хошорю, Охо, Кинбозан үшеуі чемпиондықты сарапқа салды. Өкінішке қарай, Ерсін екі қарсыласына да жол беріп, 3-орынға табан тіреді. Хошорю чемпион атанды. Енді Хошорю сумоның ең жоғары дәрежесі – Ёкозуна атағын иеленеді. Бұл атақ тарихта тек 74 балуанға ғана бұйырған, Хошорю Ёкозуна атан­ған алтыншы моңғолиялық балуан болмақ. Айтпақшы, бұл балуан әйгілі Ёкозуно Аса­шеорюдің немере інісі. Ерсін Балтағұлдың осындай дүбір­лі додаға қосылып, табысты өнер көрсетуіне қолдау білдірген Аса­шеорю Дагвадорж бен отандық кәсіпкер Сырымбек Тау мырзалар екенін айта кеткен жөн.

Сумо федерациясы жер­ле­сіміз Кинбозан мен Кирисимаға «Кантё-шо» (жаужүрек балуан), Охоға «Гинно-шо» (шеберлік) деп аталатын арнайы жүлде табыстады.

«Қолдауларыңызға рахмет. Қолы­мыздан келгенінің бәрін істедік, чемпион болсақ деп талпындық, бірақ сәл ғана сәттілік жетпеді. Алда әлі талай бәсеке тұр, сонда биік жетіс­тіктерге жетеміз деп сенемін. Қазақ еліне Жапон императорының кубогін апаруды жазсын», дейді Ерсін Кинбозан.

Ерсін Балтағұл 2023 жылы хару башёда үлгісінде күресіп, 11-4 деген нәтижемен үздік төрттіктің қатарынан бір-ақ шықты. Алайда былтыр жарақаттың сал­­дарынан жыл бойы жақсы нәти­же көрсете алмай, екінші дәре­жедегі жюро дивизионына түсіп қалды. Желтоқсан айында Ерсін жюрода чемпион атанып, қайтадан макучи дивизионына көтерілді. Жерлесімізге бұл жолғы жетістігі – үздік үштікке енгені үшін жоғарғы атақтар мен қаржылай сыйақы беріледі. Рейтингі жоғарылап, жаңа дәре­жеге көтеріледі. Бұл туралы нақты шешімді алдағы уақытта Жапо­нияның Сумо федерация­сы жариялайды. 

Дереккөз: egemen.kz

Жерлесіміз Жапонияны дүр сілкіндірді