Қазақ әдебиеті – ғаламдық деңгейдегі әдебиет

Кеше
  • Қытай Халық Республикасы Халықтық саяси консультативтік кеңесінің экс-депутаты, жазушы, аудармашы Акбар Мәжит жуырда атажұртына ат басын бұрып, 70 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға қатысқан еді. Осы орайда біз де шығармаларын қытай тілінде жазатын қазақ қаламгеріне жолығып, көкейде жүрген сауалдарды көлденең тарт­тық.
  •  
  • – Акбар Мәжитұлы, алдымен, туған жер, өскен ортаңыз жайлы айтып өтсеңіз?
  • – Мен Шыңжаң-Іле облысына қарасты, Қорғас өлкесінде дүниеге келдім. Әкем – Мәжит Нұрғазы мамандығы дәрігер, аймақтық медицина басқармасының бастығы болған, зиялы қауым өкілі-тұғын. Ке­йіннен қытай тілін меңгеріп, сол тілде орта буын медицина мамандарын даярлайтын оқу орнында дәріс оқыды. Анам Қасиет, алдымен, есеп маманы болса, ке­йіннен қосымша білім алып, дәрігер болып жұмыс жасаған. Мен үйдегі төрт ұл, екі қыздың үлкені болдым. Бұрын қазақта атасы мен әжесі үлкен немересін өздеріне меншіктейтін дәстүр бар еді ғой. Осылайша, атам мен әжемнің қолында өстім. Жазда үлкен кісілермен бірге Ұластай жайлауына шығатынмын. Әсем табиғат адам баласын әдемі әсерге бөлейді. Бәлкім, жазушылық қуат­ты, шығармашылық шабыт­ты осынау кең өлкеден алған шығармын. Атам мен әжемнің айт­қандары жадыма жат­талды. Олар «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» дейтін қазақы ғибрат­тарды құлағыма сіңіріп өсірді. Тәкаппарлықтан, мақтан қуғаннан, өтірік айт­қаннан, өсектен сақтандыратын. Мұның барлығы менің өмірлік ұстанымыма айналды.
  •  
  • – Мектепті қытай тілінде оқыдыңыз ба?
  • – Иә, сол кез­дегі заман талабына сай мені қытай тілінде оқитын мектепке беріпті. Ке­йіннен Бейжіңдегі университет­тің әдебиет факультетінде мамандық меңгердім.
  •  
  • – Әдебиетке ерте бастан бой ұрған болдыңыз ғой?
  • – Халықтық коммуна деп аталатын мекемеде еңбек жолымды бастап, газет жұмысына араластым. Әдебиет­тегі сапарым да осы кез­де басталды деп ойлаймын. Ең алғашқы шығармамды 1978 жылы, 24 жасымда жазған екенмін. Келер жылы «Нұрман қарт және оның тазысы» деп аталатын осы кітабым жарық көріп, қытай жазушыларына берілетін мемлекет­тік сыйлыққа ие болды. Ке­йінгі уақыт­тары Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» қытай тіліне аударып, «Қайран он бестегі Халида-ай», «Ақсақ құлан», «Мұхаммед пайғамбар», «Мұқали», «Тау хикаялары» қатарлы прозалық еңбектерім оқырман ықыласына бөленген. Сонымен қатар ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар қаламгерлерінің шығармаларын да қытай тіліне аударып, қалың оқырманмен қауыштырып келемін. Мұның сыртында, проза, поэзия жанрында жазылған туындыларға сын жазып тұрамын. Осылайша, бүгінге де­йін 50-ге жуық кітабым жарық көрген екен.
  •  
  • – Қазіргі Қазақ­стан мен Қытай қаламгерлері арасындағы байланыстарға қандай баға берер едіңіз?
  • – Бүгіндері екі ел арасындағы әдеби байланыс нығайып келеді. Менің білуімше, биыл қытайдан қазақ тіліне 80-ге жуық кітап аударылып басылды. Сонау жылдары Абайды қытай тілінде сөйлетуге өз үлесімді қосқан болсам, бұл үрдіс бүгіндері де жалғасуда. Мұхтар Шахановтың өлеңдері де қытай оқырмандарына аударма арқылы таныс болған. Алдағы уақыт­та қазақтың 25 ақын-жазушысының кітаптарын қытай тіліне аудару жобасы қолға алынып отыр.
  •  
  • – Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына орай қазақ қаламгерлеріне қандай тілек айтар едіңіз?
  • – Бүгіндері қазақ әдебиеті ғаламдық әдебиет­тің ажырамас бөлігіне айналды десем, артық айт­қандық бола қоймас. Сондықтан әріптестерімді осынау мерейлі мерекелерімен құт­тықтағым келеді. Қазақ­стан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас сонау тәуелсіздік алған кезеңнен басталады емес пе. Ендеше, екі ел арасындағы әдеби байланысты өрістетіп, рухани үндестікті дамыта берсек деген тілегіміз бар. Сонымен қатар кешегі тарихты қаузай бермей, бүгінгі өмір, қазіргі өмір құбылыстары жайлы шығармалар жазуларын қалаймын. Ең бастысы, еліміздің тәуел­сіздігі мәңгілік болып, атажұрт бейбітшілік пен тұрақтылық ауанында жасай берсін!
  •  
  • – Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Өзіңізге де шығармашылық табыс пен ғұмыр тілейміз!
  •  
  • Сұхбат­тасқан Қуат Қайранбаев
  • Дереккөз: qazaqadebieti.kz
Қазақ әдебиеті – ғаламдық деңгейдегі әдебиет