Ұлт пен ұлтты, ел мен елді біріктіретін шекарасыз әлем – өнер. Киелі қалам ұшымен халық қасиетін бейнелеген озық ойлы қаламгерлердің бірі, Қытайдағы қазақ жазушысы – Акбар Мажиттің 70 жасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аталып өтті.
Қытай Халық Республикасы Халықтық Саяси Консультативтік Кеңесінің депутаты, Қытай Жазушылар одағы баспа корпорациясының вице-президенті, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, жазушы, аудармашы Акбар Мажиттің мерейтойына арналған «Қазақстан-Қытай: мәдени-рухани байланыстар көкжиегі» тақырыбындағы дәріске академик Серік Негимов, профессор Рақымжан Тұрысбек, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы сынды зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлының құттықтау хатын проректор Ардақ Бейсенбай оқып берді.
– Мәдениет пен әдебиетте орныңызды айшықтаған ірі тұлға екеніңіз көпке мәлім. Сіздің аудармаларыңыз арқылы қытай елі ұлы Абаймен танысты. Тек әдебиетші, ғалым ғана емес, көркем тілмен оқырман жүрегіне жол тапқан шебер қаламгерсіз. Шығармаларыңыз оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағасын алып жатыр. Бүгінгі мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деген ректор құттықтау хатында.
Басқосуда жазушы Акбар Мажит атқарған еңбектеріне тоқталып, ұлы Абайды аудару барысын сөз етті.
– Әуелі маған Абай аудармасына редакторлық жасап беруді өтінді. Бірақ аудармаға қарасам, өңдеуге келмейді екен. Бір айдан соң ұлы ақынды түнімен аударып әкеліп бергенімде, «міне, нақ Абайдың өзі екен» деп бас редакторым мақтай жөнелді. Содан, міне, ақынның қара сөздерін қазақ тілі мен қытай тілінде қатар басып жинақ етіп шығардық. Сонымен бірге Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның өлеңдерін де аударып, қытай тілінде басып шығаруға ұсыныс түсті. Мен бұл ұсынысқа келісіп, үш-төрт айдың көлемінде Абайдың бүкіл жырларын аударып шықтым. Солайша хакімнің жеке кітабы Қытайдың «Әдебиет» баспасынан басылып шықты, – деді Акбар Мажит.
Жазушы сонымен бірге Қытайда шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналына қазақ әдебиетінің шығармалары жариялануына ұйытқы болғанын, ондағы аз халықтар мен қытайдың қазіргі әдеби үдерісі хақында айтып өтті.
Жазушы мерейтойына алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың жолдаған үшбу хатын жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы жеткізді.
Акбар Мажитұлы жазушылық биіктің намысты, жанкешті және ең абыройлы сарбазы, жауынгері. Ол, міне, елу жылдай уақыттан бері намыс қаламын рух қаруы ретінде исі адамзаттың игілігіне жұмсап келеді. Оның қаламы нәзік те өжет ойлы шығармалар арқылы қазақтың күйініші мен сүйінішін адамзаттың үштен бірін құрайтын үлкен халықтың қаперіне жеткізді. Жеткізіп қана қойған жоқ, бір жарым миллиард адам оның талантын мойындады. Сонымен қатар Акбар Мажитұлы азаматтық, қайраткерліктің де нысаналы тұлғасы, – деген жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай.
Мұнан соң академик Серік Негимов сөз алып, қаламгердің тұлғалық болмысына тоқталды.
– Хакімнің тереңіне сүңгу, сол заманның келбетін таныту – қаһармандық дер едім. Сондықтан қайраткерлікті, рух қазығын берік ұстаған көсем тұлғасыз. Сізді мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, бар жақсылықты тілеймін! – деді ол.
Кешке жиналған зиялы қауым өкілдері мен студенттер жазушының шығармалары хақында ойларын өрбітті. Акбар Мажит университет ректорының шешімімен «Күлтегін» медалінің иегері атанды.
Дереккөз: Egemen Qazaqstan