2024 жылғы 18 қазанда Майндағы Франкфурт қаласында маңызды кездесу өтті
19 Қазан 2024
«Отандастар қоры» КеАҚ делегациясы кезекті іссапары аясында Қазақстан мен шетелдегі отандастарға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурттағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев, «Отандастар қорының» басшысы Данияр Қадыров, сондай-ақ, Франкфурттегі «Отандас» ұйымының жетекшісі Әсет Бейсенов қатысты.
Кездесу барысында Данияр Қадыров қордың маңызды мақсаттары мен алға қойған жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ол қазақстандық диаспорамен тұрақты байланысты нығайту, олардың қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді жұмыстар жүргізу жолдарын атап өтті. Қоғам басшысы өз сөзінде қазақ халқының дүниежүзіне шашырап кеткен рухани және мәдени мұраларын біріктірудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, осы мақсаттағы бірлескен бастамаларға үміт артты.
Өз кезегінде, Әсет Бейсенов Еуропадағы қазақ ұйымдарының ынтымақтастығы мен бірлігі жолында кез келген жобаларға атсалысуға дайын екенін білдірді. Ол еуропалық қазақтардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға арналған іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті екендігін жеткізіп, әсіресе, қазақ балаларына арналған жазғы этно-лагерьлерді Еуропада өткізу мүмкіндігін құлшына қолдайтынын айтты.
Кездесудің басты тақырыптары қатарында Еуропадағы қазақ қоғамдарын біріктіру, олардың әлеуетін тиімді пайдалану және туған елге тигізер пайдасын арттыру мәселелері қаралды. Әңгіме шынайы әрі мағыналы, болашаққа деген зор сеніммен өрбіді.
Бас консул Таубалды Үмбетбаев кездесуді қорытындылай келе, әрбір бастамаға басконсулдық тарапынан қолдау көрсетілетінін баса айтты. Ол бұл кездесуді шет елдегі қазақтардың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін арттырудың тағы бір қадамы деп бағалап, баршаға сәттілік тіледі.