КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ: ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ
- Көші-қон үрдісі елдің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және аумақтық тұрақты дамуының маңызды факторының бірі болып саналады. Алтайдан Атырауға, Оралдан Алатауға дейін ұлан-ғайыр жерді алып жатқан кең байтақ республикамыз үшін көші-қон саласында тиімді мемлекеттік саясат ұстану, оны дәйектілікпен жүзеге асыру – экономикалық, демографиялық тұрақты дамумен қатар, еліміздің қауіпсіздігіне де қатысты өзекті мәселе.
-
- «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Уақыт ұзатпай, сол жылғы желтоқсанның соңында еліміздің Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, жаңа кезеңдегі міндеттер айқындалды.
-
- Жалпы егемен еліміздің экономикасында маңызды орын алатын көші-қон саясатын дамытудың негізгі үш кезеңін атап өтуге болады. Бірінші, 1991 – 2000 жылдар Кеңес одағының күйреуіне байланысты елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделенуімен сипатталады. Елдің демографиялық бет-бейнесі айтарлықтай өзгерген ол жылдары мемлекеттік көші-қон саясаты этникалық қазақтарды репатриациялауға бағытталды. Бұл 1995 жылғы қазақ диаспорасын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламада, 1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» алғашқы заңымызда көрініс тапты. Көші-қон және демография агенттігі құрылып, 1993 жылы қазақтардың (10 мың отбасы немесе шамамен 40 мың адам) көшіп келуінің біржылдық квотасы белгіленеді, 1998 жылы этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару тұжырымдамасы қабылданды.
-
- Екінші, 2001 – 2010 жылдар – саяси өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық өсу және реформалар кезеңі. Этникалық қазақтардың репатриациясына мақсатты бағытталған мемлекеттік бағдарламалар елдің демографиялық көрсеткіштеріне оң әсер етті, осы кезеңде халық саны 16,4 млн адамға жетті. Осы кезеңде шетелдік мамандар тарапынан елімізге қызығушылықтың өскені байқалды. Мәселен, 2007 жылы жұмыс бабымен заңды түрде көшіп келушілер ең көп (58,8 мың адам) тіркелген екен. Ал ішкі көші-қон ағысы ауыл халқының ірі қалаларға көшуі, сондай-ақ жаңа астанаға қоныс аударушылар есебінен қарқын алды. Осы ретте туындаған демографиялық теңгерімсіздік проблемаларын шешу мақсатында Көші-қон саясатының 2001–2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы мен тұжырымдамасы, сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамытудың 2004–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
-
- 2011–2022 жылдарды қамтыған үшінші кезең, жаһандануға тән шарттар, сыртқы әлеуметтік-экономикалық факторлар әсерін айқындады: этникалық репатриация төмендеді, шетелдік еңбек нарықтарына білікті мамандардың көптеп кетуі байқалды. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдары жоғары (38%) және кәсіби-техникалық (34%) білімі бар, негізінен, еңбекке қабілетті жастағы 367,1 мың адам шет- елдерге тұрақты тұруға кеткен. Тек 2019– 2021 жылдары елімізден шетелдерге тұрақты тұруға 106,5 мың адам көшіп кеткен, оның 90 пайызы – ТМД елдеріне жұмысқа орналасу немесе тарихи отанына оралу мақсатында қоныс аударғандар. Соңғы жылдардағы эмиграция, негізінен, білімді жастар мен білікті мамандарды қамтитынын көрсетеді. Бұл, әрине, адами капиталдың сапасына әсер ететін басты факторлардың бірі. Адами капиталды дамыту қажеттігін айқындаған осынау үрдістер елді жаңғыртуға ықпал ету мақсатында қалыптасқан саясатқа негіз болды. «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң, 2017–2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы қабылданды.
-
- Үздіксіз жүріп жатқан ішкі көші-қон ағысының нәтижесінде, халықтың ел аумағы бойынша бөлінуінің өзгеруі байқалды. Астана, Алматы және Шымкент секілді мегаполистерде халық саны өзге өңірлерге қарағанда, еселеп өсе түсуде. Ірі қалалар, әрине, қолайлы инфрақұрылым, тіршілікке қажетті мүмкіндіктерімен тартымды. Алайда урбанизация дамудың қозғаушы күшінің бірі ретінде қарастырылғанымен, халықтың ауылдан қалаларға жаппай көшуінен туындайтын өзіндік қиындықтар азаматтар үшін де, ауыл, қала үшін де аз емес. Сондықтан қай елде болмасын, ішкі көші-қон қозғалысы үнемі реттеуді қажет етеді. Біздің елімізде де ішкі көші-қонды құқықтық реттеуді жетілдіру мемлекеттік көші-қон саясатының басты міндеттерінің бірінен саналады. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе шекара маңында тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе… Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды», – деп ішкі көші-қонды басқарудың саяси мәні бар мәселе екенін атап көрсеткен еді.
-
- Жаңа тұжырымдама аясындағы оң қозғалыс
- Жалпы еліміздің көші-қон саясатының бесжылдық кезеңге арналған жаңа тұжырымдамасы негізгі 7 бағыт аясында жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазіргі көші-қон жағдайы және 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы өз есебінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев биылғы жылы сыртқы көші-қон үрдісінде оң қозғалыс байқалып отырғанын атап өтті. «Көші-қонның оң сальдосы екі жыл бойы сақталып келеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, көші-қон сальдосы +7,3 мың адамды құрады. Елге 14 мың адам келіп, 7 мың адам шықты. Елдердің бөлінісі бойынша көші-қон өсімі, негізінен, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Қытай Халық Республикасына тиесілі болып отыр. Оң сальдо білім деңгейі бойынша да байқалады, шетелдерге кеткен адамдарға қарағанда, елімізге білімді адамдар көптеп келген. Бұдан басқа, техникалық мамандықтар бойынша +686 адам, педагогикалық мамандықтар бойынша +215 адам, экономикалық мамандықтар бойынша +203 адам келіп, оң сальдо қалыптасты», – деді Асқарбек Ертаев.
-
- Мемлекет басшысының ішкі көші-қон саясатын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жаңа тұжырымдама аясында еліміз аймақтарында негізделген трансферт және қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру тетігі қарастырылған. Осы ретте көшіп келушілерді қабылдаушы әрбір облыста жер ресурстарымен, инженерлік, көлік-логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету ескеріле отырып, қоныс аударуды ынталандырудың өңірлік жол карталары іске асырылуда. Ынталандыру шараларының белсенді жүзеге асырылуының нәтижесінде, ішкі көші-қон үрдісінде де оң өзгерістер байқалып отыр. Ведомство өкілі келтірген мәліметтерге қарағанда, ел өңірлерінде қоныс аударушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 1,7 есе өскен. Биылғы қаңтар-маусым аралығында 688 мың адам көшіп-қонған болса, оның ішінде 307 мың адам бір өңірден екінші өңірге қоныс аударған. Қашандағыдай, мегаполистер ішкі мигранттар үшін тартымды орталық болып қала береді. Жалпы олардың елу пайызы ірі қалаларға қоныстануды қалайды. Мәселен, есепті кезеңде Астана қаласына 64 мыңнан астам, Алматы қаласына – 60 мың, Шымкент қаласына – 31 мың адам тұрақты тұруға келген екен.
-
- ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?
- Көші-қон үдерісін жетілдіруге қатысты заңнамалық өзгерістерге келсек, Мемлекет басшысы биыл 16 мамырда қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда негізгі алты мәселе қарастырылады.
-
- Бірінші, қоныс аударушылар ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін алу үшін құқықтық жағдайлар жасау. Енді қоныс аударушыларға жер учаскелері оны иеліктен шығару құқығынсыз ең төменгі мөлшерден аспайтын көлемде және конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі кезеңге уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Бұл ретте тұрақты тұратын өңірдің ауысуы жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғады.
-
- Екінші, ерікті қоныс аударуға қатысушыларға төленетін көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға арналған субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелер бойынша өндіріп алулардан қорғау жөніндегі нормалар бекітілген. Оларға тыйым салу, сондай-ақ шығыс операцияларын жасауға уақытша және басқа шектеулер қойылмайды.
-
- Үшінші, егер этникалық қазақтың жекебас құжатында ұлты көрсетілмесе, оның ұлтын айқындау бөлігінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құзырет бекітілді.
-
- Төртінші, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балаларын қосу мүмкіндігі қарастырылған.
-
- Бесінші, ғылыми дәрежесі бар этникалық қазақтар үшін ғылыми жұмыстарды жүргізу қажет болған кезде, қоныс аударуға алынған мемлекеттік қолдау шараларын қайтарусыз және өтеусіз өңірлер бойынша дербес көші-қон мүмкіндігі ұсынылды.
-
- Алтыншы, көшіп келуші еңбекшілерге өздерінің өтініштері бойынша 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге еңбек рұқсатын алуға мүмкіндік берілді.
-
- КӨШІ-ҚОН: БАСЫМ БАҒЫТТАР
- Сонымен қатар вице-министр Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы айтып өтті. Оның ішінде этностық иммиграцияға қатысты төртінші бағытқа тоқтала кетпекпіз. Осы бағыт аясында былтырғы 1 шілдеден бастап, Қазақстан елшіліктерінде «Бір терезе» қағидаты бойынша қандастарымыздың өтініштерін қарау тетігі іске қосылды. Ізашар жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және ел аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Осы тұрғыда бүгінге дейін этникалық қазақтардан 17 158 өтініш қабылданған. Сондай-ақ тарихи Отанына қоныс аударған қандастарды орналастырудың жаңа алгоритмі жасалып, төрт санат бойынша іске асырылуда. Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту. Сұраныс жұмыс күші жетпей жатқан барша өңірлерден түсуі мүмкін. Бұл ретте қандастарымыз жұмыс беруші тұратын өңірге жіберілетін болады. Екіншіден, ата-анасы немесе балалары ертерек келіп, азаматтық алған, белгілі бір кәсіппен шұғылданып жүрген болса, қандастарымыз сол отбасы тұрып жатқан жерге көшіп келуі мүмкін. Үшіншіден, өңірлер демографиялық үдерісті күшейту мақсатында қандастарымызды өз аумағындағы даму әлеуеті бар елді мекендерге шақыруы мүмкін. Төртіншіден, қандастарымызға үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беріледі. Айта кететін жайт, үкімет айқындаған өңірлерге жолдама алған қоныс аударушыларға әлеуметтік пакет қарастырылған. Сонымен қатар этникалық көші-қонды реттеу аясында қандастарды қоныстандыруды аймақтар бойынша саралай отырып, өңірлер (аудандар мен елді мекендер) бөлінісінде орналастырудың интерактивті картасы әзірленіп, жергілікті атқарушы органдар үкімет айқындаған өңірлерде бейімделу және интеграция орталықтарын құру шараларын жасайды. Қоныс аударушылар мен қандастарға бейімдеу және интеграциялық қызметтер көрсету жөніндегі ережелер әзірленген.
-
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, биыл жыл басынан бері Қазақстанға 12 325 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Елге келген қандастардың 45,6%-ы – Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,5% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан, 3,1% – Ресейден, 1,2%-ы – басқа елдерден. Жалпы, 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 140,7 мың қандас бауырымыз оралды.
-
- Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, этникалық қоныс аударушылардың 58,2%-ы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 32,4%-ы – одан кіші жастағылар, зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Ал еңбекке қабілетті жастағылардың білім деңгейіне келсек, 17,8%-ы жоғары білімді, 24,2%-ы орта кәсіби білімді, 54,1%-ы жалпы орта білімді, 3,6%-ының білімі жоқ.
-
- Қандастарымыз еліміздің түрлі өңірлеріне, сондай-ақ еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанған. Қоныстандыру өңірлерінде биылғы жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адам болса, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2 127 қандас қоныс аударған. Осы аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-тен 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Жыл басынан бері 1948 қандас әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылып, 551 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
-
- Ішкі көші-қон үрдісін басқару, реттеу барысында жа-ңа тұжырымдамада қарастырылған маңызды бағыт – жұмыс қолы жеткілікті өңірлер мен еңбек күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру мақсатындағы ынталандыру жұмыстары. Осы орайда ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында азаматтардың халық тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға көшіп-қонуына қатысатын жұмыс берушілерді институционалдық қолдау шаралары қабылданды. «Серпін», «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары арқылы мыңдаған адамға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Бұл санаттағы азаматтарды қолдау шараларының бірі – тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген.
-
- Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл жыл басынан бері еңбек ресурстары тапшы өңірлерге 6 148 адам немесе 1 769 отбасы қоныс аударған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қоныс аударушылардың отбасыларына 2,7 миллиард теңге көлеміндегі сомаға 663 экономикалық ұтқырлық сертификаты берілген.
-
- Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ
-
- Дереккөз: qazaqadebieti.kz