«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің ІІ отырысының хаттамасынан үзінді

27 Қазан, 2019

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің ІІ отырысының ХАТТАМАСЫНАН ҮЗІНДІ

2019 жылғы 27 қараша, Сағат 15.00

Қатысқандар:

ҚР Ақпарат және қоғамдық  даму вице-министрі – М.Әзілханов, «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның (әрі қарай - Қоғам) және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның қызметкерлері, арнайы шақырылған ғалымдар мен сарапшылар (тізім бойынша), Ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері (тізім бойынша)

Модератор – Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы, Кеңес төрағасы

КҮН ТӘРТІБІ:

 

1.  Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдарды талқылау.

2. Шеттегі және елге келген ағайындарды қолдау саласында қолданылатын терминологиялық аппарат бойынша ұғымдарды талқылау.

       _______________________________________________________________

Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, Отандастар қоры тарапынан дайындалған «Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдар» жайлы Қоғамның бас менеджері Нұрхан Бұхарбайұлы Жәлиев баяндады.

Аталмыш ұсынымдар шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдау саясатының стратегиялық мақсатын, міндеттерін, қағидаттары мен басым бағыттарын Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және демографиялық дамуының перспективаларымен өзара байланыстыра айқындайды. Алғашқы нұсқасы тек қазақ тілінде ғана дайындалды.

Шетелдік қазақтарды қолдау саясаты соңғы уақытта қазақ тілін қолдану салаларының тарылуына және шетелде тұратын қазақтардың ұлттық өзіндік болмысының біртіндеп жоғалуына және олардың ассимиляциялануына байланысты айтарлықтай өзекті. Осы ретте, қазақтар тұратын елдерде қалыптасқан әртүрлі ахуалдар – ана тілін үйрену мен қолдану кеңістігінің шектелуі, салт-дәстүр мен мәдениетті, этникалық бірегейлікті жоғалту қатерлері шетелдегі қазақтарды қолдауды күшейтудің кешенді шараларына ұсынымдар әзірлеу қажеттігін туындатып отыр.

«Бұл үрдіс ең алдымен, өңірлік демографиялық әртүрлілікті ескере отырып, этникалық компонентке негізделген көші-қон саясатының жаңа моделін іске асыру қажеттілігін өзектендіреді.   Мемлекетке  халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәселелерді шешудің жеке тәжірибесі негізінде осы саладағы жаңа тәсілдерді қолдана отырып, репатриацияның ынталандырушы тиімді жүйесін құру маңызды» – деп тұжырымдады                        Н. Жәлиев.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі тағы бір мәселе - «Шеттегі және елге келген ағайындарды қолдау саласында қолданылатын терминологиялық аппарат бойынша ұғымдарды талқылау» бойынша келесі сарапшылардың ұсыныстары талқыланып, қабылданды:

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түлектер ассоциациясының атқарушы директоры,тарих ғылымдарының кандидаты Кулгазира Нурановна Балтабаева,

- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қаржы» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кучукова Нүриля Кенжебекқызы,

- С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, демограф, тарих ғылымдарының докторы Алексеенко Александр Николаевич,

- М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермекбай Жарас Ақышұлы .

Кеңес отырысының күн тәртібінде белгіленген барлық мәселелер қаралып, кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар тыңдалып, хаттамаға енгізілді.

Отандастар қоры тарапынан дайындалған «Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдар» бір ауыздан мақұлданды.

«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің ІІ отырысының хаттамасынан үзінді