Қазақстандық пара мерген Еркін Ғаббасов 2024 жылғы Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарының финалында өнер көрсетіп, күміс медальға ие болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Айта кетейік, R1 классында винтовкамен 10 метрге пара нысана көздеуден сынға түскен Еркін Ғаббасов жалпы есепте 6-шы орын иеленіп, медальға таласуға мүмкіндік алған еді. Ол барлығы 619.5 ұпай жинады (104.6; 102.6; 102.3; 103.0, 103.8, 103.2).
Финалда Ғаббасов 247.3 ұпай жинап, жалпы есепте екінші орынға ие болды.
Қазақстан мергені шешуші сәтте қазіргі әлемдік рекорд иегері, корей спортшысы Пак Джинхоға жол берді. Чемпионның нәтижесі - 249,4 ұпай, бұл - жаңа Паралимпиада рекорды.
Қола медаль дат спортшысы Мартин Блэк Юргенсенге (226.5) бұйырды.
Осылайша, 2024 жылғы Париж ойындарында Ғаббасов Қазақстан құрамасы қоржынына бірінші медальды салды.
Дереккөз: zakon.kz