Meta-да жұмыс істейтін Бекзат: Шетте жүрсем де, Қазақстанға пайдам тиіп жатыр

25 Шілде 2024

Бекзат Тұрапбеков Meta (бұрынғы атауы – Facebook) корпорациясының Лон­дон­дағы кең­сесінде жұмыс істейді. Quran.kz мобильді қосымшасының авторы.

Facebook немесе Instagram-ға салып жүр­ген суреттеріңіздің сапалы әрі дұрыс жүктелу процесіне қазақ баласының қатысы бар десем, сенер ме едіңіз. Meta (бұрынғы атауы – Facebook) корпорациясының Лон­дон­дағы кең­сесінде жұмыс істейтін отандасымыз Бекзат Тұрапбеков дәл осы функцияға жауап­ты командада жұмыс істейді. Оған дейін ол әйгілі Booking.com ком­паниясында төрт жыл бойы тәжірибе жинақтаған. Оған қоса, ол – қазір қазақ­стандықтардың ау­зын­да жүрген Quran.kz мобильді қосымшасының авторы. Шетте жүргеніне сегіз жылға жуықтаса да, елдегі жас өрендерге бар біл­генін үйретіп жүрген Бекзатқа "Turkistan" газетінің тілшісі хабарласып, әңгімелескен еді.

– Біз сұхбаттасқан бірнеше ІТ-маман оқып жүрген кезінде бұл саланы өздігінен жете түсінбегенін, мұнда бет бұруына әлдекімдердің себепкер болғанын айтады. Сенде де солай болды ма, әлде?

– Талдықорғандағы қазақ-түрік лиц­ейіне оқуға ауысқан соң онда оқитын ағам болашағымды ІТ саласымен байла­ныс­тырғаным дұрыс екенін қадап айтты. Алайда ол уақытта орта мектептен енді ауысқан кезде көп нәрсені байыбына жетіп түсіне бермейсің ғой. Кейін бір жылдан соң олимпиадаларға қатысу үшін белгілі бір бағытты таңдау керек болды. Мен мате­матика пәніне көп ден қойғым келген, бірақ әлгі ағам тағы да ІТ-ды таңда деп ақылын айтты. Себебі мұнда бәрін компьютер шешеді, ал математикадан өтетін жарыстарда әдетте төреші шешім қабылдайды. Расымен, ІТ несімен жақсы дейсіз? Сен құрастырған кодтың дұрыс-бұрысын компьютер шешеді. Бәрі айқын, бәрі анық. Компьютерге сенің қай жерден екенің, қай тілде сөйлейтінің, кім екенің маңызды емес. Бастысы – сен ойлап тапқан шешімді компьютердің дұрыс я бұрыс санауы. Осындай қабілетің болса, сұра­нысқа ие маман бола аласың. Себебі бүгінде ІТ алпауыттары саналатын ком­паниялар сондай нәтиже шығара алатын мамандарды іздейді. Мен мектепте оқып жүргенде тек оқумен ғана шек­телмедім, сонымен қатар ІТ-ға қатысы бар мамандармен әңгіме­лестім. Google секілді ірі компанияда білік­тілігін арттырған отандасымыз Мадияр Айтбаевпен ақылдасып, неден бастаған жөн, қандай ерекшеліктері бар екенін талқылап, бағыт-бағдар сұрадым. Кани­кулда көпшілік жазғы демалысқа шық­қанда, мен бас алмай бағдарлама жасақтау ісін зерттеумен болдым. Бұлай істегенім дұрыс болыпты, себебі мектепте қатар­ластарым қай бағытта жұмыс істеу керек екенін енді бағамдап жатқанда, менің мақсатым айқын, бағытым анық болды. Осы ретте оқушыларға айтарым, ерте кезден өзіңе ненің қажет, ненің керек емес екенін ажырата білгеннің пайдасы зор. Басында бұл салаға бет бұрғанымда қиын­дыққа тап болдым. Қазір ІТ-ды жаңғақша шағып жүрген небір мықты­лардың өзі кезінде тіпті тышқанды қалай қолдану керек екенін білмей, дал болғанын айтады. Алайда білімге деген «аштық», үнемі бірдеңені зерттеу, тың дүние білуге ұмтылу сені тіпті алпауыттар таласуға тұрарлық мықты маман етіп шығарады. Оқушы кезіңде көп уақыт барда ізденсең, дами түссең, ертең маман атанған кезде бұл саған жемісін молынан береді. Сондықтан ерте кезден бастап әрекет етке­нің абзал. Мұндайда олимпиаданың да маңызы зор. Әдетте, мектепте балалар сыртқа шыға сала, ойынға қарай жүгіреді ғой. Ал оның назарын бері бұрып, жарыс түрінде ұйымдастырылатын іс-шараға қатыстырса, ол түбі жарыстан жарысқа қатысып, соңында өзіне не керегін жете ұғады. Бір жағынан, әлбетте медаль алғаның да жанға майдай жағады. Екінші жағынан, жарысқа дайындалып жүріп, жаңа білім игересің, жаңа нейрондар құрасың. Тіпті, олим­пиададан орын да алмай-ақ қой. Алайда онда алған білім өмірбақи өзіңмен қалады. Сол білімімнің арқасында мен Сүлеймен Демирел атындағы универси­теттің инже­нерия факультетіне оқуға түстім.

– Сол біліміңнің арқасында бірінші курстан бастап жұмыс істепсің.

– Мектептегідей университет қабыр­ғасында да көп нәрсеге қызықтым, сұ­ра­дым, іздендім. Көп түлек университет сені үйретеді деп ойлайды. Бұл – ағат пікір. Ешкімді күтпеу керек. Университет саған қандай мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Ал ары қарай қимылдау өзіңе байланысты. Онда бағдарлама жасақтауға үйрету әсте мүмкін емес. Мен сол кезден бастап iOS жүйесін зерттеуді қолға алдым. Ол уақытта қазіргідей емес, ресурс аз болатын. Алайда білсем, көрсем деген құштарлықтың арқасында өзіме керегін біліп, жобаларға жаратып жүрдім. Мен түрлі компанияда жұмыс істедім, банктердің қосымшасын, WhatsApp-тың баламасын әзірлеуге ат салыстым. Ең үлкен олжам деп 2014 жылы Kino.kz жүйесінің мобильді қосымшасын қайта басып шығаруын айтар едім. Осындай ірі жобаны іске асырған соң, санамда сілкініс болып, «Менің қолымнан келеді екен ғой» деп, өз-өзіме сенімім арта түсті. Сөйтіп, университет бітірген кезде біраз «багажым» болды.

– Университет бітірген бойда қо­нақүй мен тұрғын бөлмелерді брондау бойынша әлемдік көшбасшы санала­тын әйгілі Booking.com компания­сының Амстердамдағы кеңсесіне жұ­мысқа тұру – әркімге беріле бермей­тін мүмкіндік. Әдетте, шетелде жұмыс істе­ген тәжірибесі жоқ мамандардың әлемнің ірі компа­ния­ларына жұмысқа бірден қабыл­дануы екіталай еді. Ал сені сонда жұ­мыс істей­тін көп қазақ балалары тартты ма?

– Иә, сол уақытта Booking.com-ның Амстердамдағы кеңсесінде 20-ға жуық қазақ жұмыс істейтін. Солар «Осында келіңдер. Booking қазір көп маман іздеп жатыр» деп ақылын айтты. Алдымен түйіндемемді жолдадым, сосын сұхбат­тасуға Амстердамға шақырылдым. Басында университетті енді бітірген мені толық штатқа алмайтын болар деп уайымдап едім. Алайда олар елде жинаған жұмыс тәжі­рибемді ескеріп, штатқа шақырып, келісім­шарт ұсынды. Мен онда төрт жыл жұмыс істедім. Байқағаныңыздай, мен біріншi курстан бастап іOS жүйесін зерттеумен айналыстым. Осы саланың маманы болуға тырыстым. Booking.com-да да іOS-пен жұмыс істедім. Оның қосымшасын жа­сақтауға атсалыстым. Онда бұрын қонақүй мен тұрғын бөлмелерді ғана брондау мүмкін еді ғой. Мен ондағы командаммен бірге алғаш рет ұшуды брондау функциясын құрас­тырып шығардым. 

– Кейін бір алпауыт компаниядан екінші алпауыт корпорацияға ауысуға не түрткі болды?

– Meta-ның рекрутері бірінші жазып, жұмысқа шақырды. Бір жағынан басқа компанияда істеп көруді, басқа ортада дамуды мақсат еттім. Оған қоса, Meta – техникалық компания, ондағы берілетін тапсырмалардың «ауқымы» әлдеқайда кең. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, бойым үйреніп қалған Booking-тен Meta-ға ауыстым. Биыл оның Лондондағы кеңсесінде істеп жат­қаныма төрт жыл болады.

– Meta-да қандай функцияға жауап­тысың сонда?

– Онда инфрақұрылымдық коман­даның қатарын толықтырдым. Қарапайым тілмен айтсам, Meta-ның барлық қосым­шасына, соның ішінде Facebook пен Instagram-ға жүктелетін барлық суретке жауаптымын. Мысалы, сіз қазір парақ­шаңызға бір пост жазып, сурет салатын болсаңыз, біздің команда сол суреттің сапалы шығуына, жылдам жүктелуіне жауап береді. Әлбетте, бұл техникалық жағынан бұрынғы істегенімнен қиынырақ. Басында мұны түсіну қиын болды. Де­генмен кейін бұл менің кәсіби маман ретінде өсуіме оң әсерін берді.

– Біз сұхбат алған бірнеше маман сенің Quran.kz мобильді қосымшасын ойлап тауып, оны Қазақстанда жүріп-ақ дамытқаныңды айтып еді. Осы ретте бұл пайдалы қосымшаның құру тарихы туралы өз ауызыңнан ести отырсақ.

– Бұл идея 2-курста оқып жүргенде туындады. Ол уақытта Sajda қосымшасы іске қосылған болатын, алайда онда тек намаз оқу уақыты кіріктірілген-тін. Ал Құран оқитын ешқандай қосымша болмады. Ал мен iOS-та Құран оқуға бола­тын бір жоба жасағым келді. Бас­тапқыда мұны өзім үшін әзірледім. Өте жылдам әрі қарапайым етіп істедім. Кейін қарасам, көп адам соны жүктеп жүр екен. Сөйтіп, сауап болсын деген мақсатпен ол қосымшаны бірте-бірте дамыта түстім. Бір жылдан соң достарым Android-қа шақтап, әзірлеп берді. Биыл алғашқы нұсқасын жазғаны­мызға он жыл болды. Әдепкідегі сол нұс­қасы мен кодтарын көрсем, «Мұны қалай жаман қылып істегенмін?» деп таңғаламын (күліп). Бұл қосымшаны әзірлеймін деп жүріп көп нәрсе үйрендім. Бірте-бірте функцияларын көп әрі күрделі қыламын деп жүріп, өзім дамыдым, ілгеріледім. Ол қосымшаның негізгі басымдығы – онда Құранды дауыстап оқытатын Тәжуид ережелері енгізілген. Сол кезде елде мұндай жаңашылдық болмаған, қазір де жоқ. Басында мен де ол ережені білмедім. Кейін өзім де үйрендім, өзгелердің де пайдасына жарады. Сөйтіп, бұл жобам менің рухани әрі кәсіби тұрғыда дамуыма септігін тигізді. Оның үстіне, Quran.kz секілді қосымшаны әзірлеген өзің болғасын, дұрыс жүріп-тұруға, әдептен озбауға, жоба иесіне лайық болуға тырысасың. Ол қосымшаға құбыла, Құран туралы мәліметтен бөлек, біраз ресурстар кіріктірілген. Онда тек ислами кітаптар жүктелген жоқ, сондай-ақ тайм менеджмент, өз-өзіңді дамыту, пайдалы әдет қалыптастыру жайында көп пайдалы кітаптар бар. Айтпағым, көпшілік ойла­ғандай онда тек діни деректер емес, көк­жиекті кеңейтетін өзге де тиімді ресурс­тарды енгізіп қойдық. Тек тек­серілген, нақты мағлұматтар болсын деген мақсат­пен «Самға» деген баспамен келісімшарт жасасып, олар әзірлеген туындыларды пайдаланып жүрміз.

– Түсінуімше, бүгінде мұны мил­лиондаған адам жүктеп, қолданып жүрсе де, сен бұл жобадан пайда көріп жатқан жоқсың. Әрі бұл тек ішкі нарыққа бағытталғанын өзің айтып өттің. Алдағы уақытта сыртқы нарық­ты бағындырып, өзге тілдердегі нұсқа­сын енгізу ойда бар шығар.

– Жоқ, Quran.kz ешқандай да стартап емес. Біз бұдан ақша таппаймыз, керісінше көп қаражат жұмсаймыз дер едім. Әлбетте, алдағы уақытта коммерциялық жобаға айналып, өз-өзін ақтап жатса, жақсы болар еді. «Самға» баспасының кітаптарын сатып алуға мүмкіндік беретін функцияны іске қостық. Алайда одан түскен қаражатты сол кітаптарды әзірлеген редакцияға жібереміз. Мұның бәрін қайырымдылық мақсатында іске асырып келеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен бұл істі Алланың разы­лығы үшін қолға алдым. Сіз айтқандай миллиондаған емес, одан да аз адам қол­данса да, Quran.kz жүзеге асыруға тұрарлық жоба болды. Қазір бұл жобаны жалғыз жүр­гізбеймін, қатарыма көп адам қосылды. Олардың ешбірі айлық алмайды. Олар да – мен секілді мүддені көздеген, көзі ашық жастар. Бос уақытымды сол балаларға ментор болуға жұмсап жүрмін. Бізде тәжірибе бар, бірақ соны «үлестіруге» уақыт жоқ. Ал ІТ-ға енді аяқ басып жатқандарда уақыт та, энергия да бар, алайда жеткілікті білім жоқ. Сондықтан Quran.kz-ті тәжірибе алмасу алаңы қылып, бар білгенімді үйретіп жүрген жайым бар. Алдағы уақытта тек Қазақстан тұрғындары емес, күллі әлем қолданатын жобаға айналса деген мақсат бар. Мобильді қосымша көп уақыт бойы тек қазақша мәлімет таратты. Келесі айдан бастап орыс тілін қоспақпыз. Қазір көп адам өзге тілдердегі де нұсқасын сұрап жатыр. Осылайша, бірте-бірте сыртқы нарыққа шықпақ ойымыз бар.

– Осыдан бес жыл бұрын сен тани­тын бірнеше маман Қазақ­стандағы IT саласын «тілі шықпаған балаға» теңеп, көп нәрсеге көңілі толмайтынын айт­қан еді. Ал сен елдің ІТ әлеуетін қалай бағалайсың?

– Елде ІТ-ды ұршықша иіретін та­лантты балалар өте көп. Тек көбі әлемді аһ дегізетін жоба жасау үшін сыртқа шығу керек деген қате пікірді алға тартады. Біле білсеңіз, әу баста Telegram, Instagram секілді техногиганттардың дүниеге келуіне аз ғана адам ғана атсалысқан. Quran.kz-ті де басында өте «нашар» кодпен, жалғыз өзім жасақтап шығардым. Айтпағым, ІТ-да локация анау айтқандай маңызды емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, сен кімсің, қай тілде сөйлейсің, көзіңнің түсі қандай – ешкімге маңызды емес. Сен берілген кодты құрастыра аласың ба, мәселені шеше ала­сың ба, жоқ па – сол маңызды. Сондықтан аз я көп құраммен қолдан келген өнімді құрастырып шығара беру керек. Біздегі көп баланың ІТ-ға бейім болуына тағы бір себеп – елде математика пәні өте жақсы оқытылады. Кейінгі кезде университеттер ІТ саласына баса көңіл бөле бастады. Ал елде алған біліммен шетелде жемісті жұмыс істеуге болаты­нына – менің өмір жолым дәлел. Голландияда, Англияда жүріп, білімім жетпей қалған сәттер ешқашан болған емес. Елде білім жағынан мықты база бар.

– Өзің секілді жас мамандардың шекара асып кеткенін естіген көпшілік «Қазақтың миы шетелге кетіп жатыр» деп налиды. «Олар елге енді қайтып кел­мейді. Сыртта жүріп, елге еш пай­дасын тигізбейді» дейді тағы олар.

– Бұған бір ғана жауабым бар: Quran.kz. Он жыл бойы Қазақстан тұрғындарының пайдасына жарап жатқан айрықша жоба. Пайда тигізіп жатыр. Оң әсер беріп жатыр. Осы ретте бір нәрсені айта кетейінші. Сырт­та ірі компанияда жұмыс істеп жүрген біз берілген тапсырманы орындап қана қоймай, қабілетімізді шыңдап, талабы­мызды ұштап жүрміз. Әлбетте, компания сенің бұл қабілетіңді бизнеске пайда­ла­нады. Алайда сыртта жүріп, мен мынадай үрдісті байқадым: шетелде жұмыс істейтін, әсіресе, Google, Amazon, Meta-да еңбектеніп жүрген қазақтар бар білгенін елдегілермен бөліс­кісі келіп тұрады. Әйтеуір елге пайда­сын тигізгісі келеді. Қазіргі жұмысымыздан түсетін табысты өзімізге, бала-шағамызға, ата-анамызға жұмсаймыз. Алайда негізгі жұмысың болса да, өз еліңе, айналаңа, адамзатқа пайда әкелу – біздің көкейдегі екінші мәселе. Шетелде тұрсаң да, туған жеріңе пайда тигізу – басты мақсат. Деген­мен Қазақстанда жүріп, әлеуетіңді аша ал­мауың да мүмкін. Ал шетелде бәсеке қыз-қыз қайнаған ортада көп нәрсені үйреніп, кейін соны еліңнің мүддесі үшін пайдалансаң оның несі жаман? Мен бұл жағынан тынышпын, себебі менің жобам­ның әлеуметтік әсері орасан. Пайдасын әкеп жатыр. Оған қоса, Қазақ­стандағы жас мамандарға ментор болып, бар білгенімді үйретіп жүрмін. Сосын тағы бір айтарым, Қазақстанға қайтып бармауға қақым жоқ. Онда ата-анам, туыс-достарым тұрады. Елмен байланысым қатты. Біз тіпті кеңседе бір-бірімізді көріп қалсақ, емен-жарқын сөй­лесіп, бір-біріміздің жағдайымызды білмейінше тараспаймыз. Ал өзге ұлт өкілдері бір-бірін олай қатты тартпайды. Сондықтан алдағы уақытта білімім толы­сып, тәжірибем молайған соң елге міндетті түрде ораламын.

– Әңгімеңе рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Дереккөз: "TURKISTAN" газеті

Meta-да жұмыс істейтін Бекзат: Шетте жүрсем де, Қазақстанға пайдам тиіп жатыр