Өзбек еліндегі қазақ мектебіне – 100 жыл
- Ташкент облысы Қыбырай ауданындағы №9 жалпы білім беретін мектептің ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай жуырда аталған білім ордасының ғасырлық мерейтойы аталып өтті.
-
- Шараға аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Оразбаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің дипломаттары Ерғали Қыстаубаев пен Азамат Қошқарбаев, аудандағы мектепке дейінгі және мектепте білім беру бөлімінің мамандары, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, ауыл тұрғындары, оқытушылар мен оқушылар қатысты.
-
- Іс-шарада мектеп директоры Баймат Ташманов, Жақсылық Оразбаев, елшіліктің қызметкерлері Ерғали Қыстаубаев, Азамат Қыстаубаев, тағы басқалар сөз сөйлеп, мектеп ұжымына, ауыл белсенділеріне жылы лебіздерін білдіріп алғыс айтты, білім беру жолындағы еңбектерін жоғары бағалап, естелік сыйлықтарын табыстады.
-
- Мерекелік іс-шараның көңілді өтуіне мектеп мұғалімдері мен оқушылары барын салды. Білім ордасын көп жылдан бері көшбасшылық қабілеті мықты директор, «Өзбекстан Республикасы Халыққа білім беру ісінің үздігі» Баймат Ташманов басқарып келеді. Бүгінде мектептің түлектері түрлі салаларда еліміздің және алыс-жақын елдерде, соның ішінде Қазақстанда да еңбек етіп жатыр. Олардың арасында жоғары оқу орындарында еңбек ететін профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторантары, сондай-ақ мемлекеттік марапаттарға ие болғандары да бар.
-
- №9 мектеп о баста таза қазақ мектебі ретінде ашылса, кейінгі кезде мұнда балалар қазақ және өзбек тілдерінде білім алады. Қаламен іргелес ауыл болғандықтан Ташкенттің педагогика бағытында білім алатын студенттер педагогикалық практикадан өткізуге осы мектепке келеді.
-
- – Бүгінгі іс-шара ұжымдағы белсенді оқытушылар мен оқушылардың, мектеп түлектерінің арқасында өтіп жатыр. Мектептің 100 жылдығының кең тойлануы – осында еңбек еткен ұстаздардың арқасында болып жатыр. Олардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен ел-жер тарихына бейжай қарамайтын сергектігінің арқасында осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз.
-
- Мектеп әкімшілігінен тартып, қарапайым техникалық қызметкерлерге дейін балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, уақыттарын тиімді өткізулеріне мол үлес қосып келеді, – дейді мектеп директоры Баймат Ташманов. – Осы оқытушылардың өз ісіне деген адалдығы мен жаңашылдыққа ұмтылуы – біздің мектепті басқалардан ерекше етті. Сондықтан жалпы ұжымға алғысымды білдіремін. Осындай көп жетістіктерге жеткен, оқушылары түрлі пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленген оқытушылармен, қажырлы еңбегін аямайтын басқа мамандармен бірге жұмыс істегенімді мақтан етемін.
-
- Иә, шынында да жақсы ұжым деген кәсіптестердің барлық кезде бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жетуде ауызбірлікпен еңбек етуі шығар. Сенім, қолдау көрсету, сыйластық пен түсіністік, тиімді әрі ашық қарым-қатынас, мәселелерді жұмыла шешу, әділдік пен теңдік болғанда әр ұжым осылай көп жетістіктерге жетіп, қоғам мен жұртшылық тарапынан жоғары бағаланады, алғысына бөленеді. Аталмыш мектеп ұжымы осындай қырымен еліміздегі өзге білім ошақтарына үлгі болып отыр.
-
- Шара аясында «Арғын ауылының тарихы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітап авторлары – Баймат Ташманов пен жоғары санатты қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы Анар Үмбетова. Мектеп тарихына қатысты жинақта мектептің іргетасын қалауға басты себепкер болған оқытушылардан тартып, қазірде еңбек демалысындағы ардагер ұстаздары және ауылдың зиялы қауымы, бетке тұтар азаматтары туралы материалдар енгізілген. Олардың атқарған азатаматтық борыштары мен ауылға, мектепке сіңген еңбектері туралы жазылған.
-
- Айгүл ТЕШЕБАЕВА,
- Ташкент қаласы
-
- Дереккөз: turkystan.kz