Қазақстанда қандай шетелдік университеттердің филиалдары ашылады?

25 Маусым 2024
  • ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Саясат Нұрбек шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы мәлімдеді. БАҚ өкілдерімен брифингке сондай-ақ Хериот-Уотт университетінің провосты және вице-канцлерінің орынбасары Марк Бигс қатысты.
  •  
  • Миинистр университеттің шетелдегі филиалы бұл трансұлттық білім беру саласындағы қарқынды дамып келе жатқан құбылыс екенін атап өтті.
  •  
  • «Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда 20 жуық мықты шетелдік университет Қазақстанға шақырылды. Биыл жаңа оқу жылында тағы 8 мықты филиал ашылады», - деді Саясат Нұрбек.
  •  
  • Бүгінгі күні халықаралық кампустары бар жоғары оқу орындарына, оның ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарымен серіктестік қатынастарға басты назар аударылған, өңірлік қажеттілік картасы қалыптасты. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуда 3 модуль қолданылады (мемлекеттік білім беру гранттарын беру есебінен қаржыландыру арқылы отандық жоғары оқу орындарының базасында ашу; стратегиялық әріптестік моделі арқылы; инвесторлар қаржыландыруы арқылы отандық жоғары оқу орындарының базасында филиал ашу).
  •  
  • Министр 2021 жылдан бастап барлығы 14 филиал мен стратегиялық серіктестік құрылғанын, 8-і бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде екеніне тоқталды. Осылайша, 2021 жылы франшиза алу арқылы Алматы қаласында бизнес мамандықтары бойынша оқытатын De Montfort University Британ университетінің кампусы ашылды. Биыл да осы модель бойынша Ковентри университетінің Қазақстанда кампусы құрылады.
  •  
  • Саясат Нұрбек өз сөзінде бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру жұмыстары жалғасуда екенін атап өтті. Атап айтсақ, химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті; Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында педагог кадрларды даярлау бойынша Гази университеті (Түркия); Астана Халықаралық университетінің базасында Бейжің тілдер және мәдениет университеті (ҚХР); Нархоз университетінің базасындағы Квинс университеті (Ирландия). Сондай-ақ КАИСТ және Вусонг университеттерімен (Оңтүстік Корея) ынтымақтастық жұмыстары жүргізілуде.
  •  
  • Брифинг барысында ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған шетелдік ЖОО филиалдарын құру жоспарланғаны да айтылды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында инженерлік салада магистрлерді даярлау бойынша Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР), жасанды интеллект саласында PhD докторларын даярлау бойынша Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында Гонконг қаласы университетінің филиалын ашу қарастырылған.
  •  
  • Сондай-ақ министр биыл Л.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында Luban (ҚХР) екінші шеберхана құрылып жатқанын хабарлады.
  •  
  • Ал Хериот-Уотт университетінің провосты және вице-канцлерінің орынбасары Марк Бигс University Heriot Watt филиалын ашудағы басты мақсатты айтып өтті. University Heriot Watt – 200 жылдық тарихы бар университет. Қазіргі уақытта оқу орны өз бағдарламаларын әлемге ашуда. 28 мыңға жуық студенттердің 60% шетелдік кампустарда білім алған.
  •  
  • Хериот-Уотт университетінің кампустары Малайзияда, Дубайда ашылды. Осындай стратегиялық бағдарламалардың арқасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы, компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне осындай үшінші бастама қолға алынды.
  •  
  • «Осыдан екі жыл бұрын біз әлемді аралап, үшінші локацияны іздедік. Қазақстанның амбициясы бізді таң қалдырды. Сондықтан бізге бірден ұнап, үшінші кампусты осында ашатын болдық. Бұл серіктестіктің негізгі мақсаты – Жұбанов университетін халықаралық университетке жеткізу», - деді Марк Бигс.
  •  
  • Аталған жоғары оқу орнының мамандары қазақстандық ЖОО-ның білім беру сапасын көтеріп, кәсбіи маман даярлауға басымдық береді. Шетелдіктер жылына 300 студентті оқыта алады. Алдағы уақытта мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері де оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын ашу көзделген.
  •  
  • Жалпы шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке, сондай-ақ өңірлердің сұраныстары мен ұсыныстарына негізделе отырып жүргізіледі. 2029 жылға қарай филиалдар ел экономикасы үшін қажетті 2000-нан астам жоғары білікті мамандар даярлайды деп күтілуде.
  •  
  • Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Қазақстанда қандай шетелдік университеттердің филиалдары ашылады?