Бейжіңде қазақ мәдени орталығы ашылады

06 Маусым 2024

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында былтыр 27 қарашада Астанада қол қо­йыл­ған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы тең негізде мә­дени орталық ашу туралы келісім ратификацияланды. Бұл қадам екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, мәдени-гума­нитарл­ық саладағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Келісім аясында екі ел астанасы Астана мен Бейжіңде мәдени орталықтар ашылады. Бұл мекемелер екі мемлекет аккредиттеген, қабылдаушы тараптың заңнамасы аясында әрекет ететін, коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева мәдени орта­лықтарды ашу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара мәдени бай­ланысқа жаңа серпін беретінін атап өтті. «25–27 ақпан күндері Қы­тай­ға барған сапарымызда бо­ла­шақ нысанның орналаса­тын жерімен таныстық. Бейжіңде ауданы шамамен 730 шаршы метрге дейін жететін біздің мәдени орталық «Арт-зона 798» мекенжайында ашылады. Ғимараттың 1-қабатында қазақ халқының тари­хи-мәдени мұра­сының эле­мент­терін қамти­тын мұражай экспозиция залы болады. Екінші қабатта конференц-зал, оқу залы және кітапханадан тұратын көр­ме алаңы орналасады», деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.

Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының негізгі қызмет бағыттарына оқу залы, коворкинг айма­ғы, келушілерге арналған ұлттық электрондық кітап­хана, отандық БАҚ, оқу орындарының сайттары қолжетімді болады. Соны­мен бірге қазақ тілі курстарын өт­кізу, Қазақстан тарихына қатысты тұрақты және жылжымалы көрмелер ұйымдастыру, вир­туалды мұра­жай (3D-тур­лар), конфе­рен­циялар, семинар­лар, симпо­зиум­дар өткізу, Қазақ­станның көркемдік ұжым­дары мен жекеле­ген орындау­шы­лары­ның өнер көр­сетуіне мүм­кін­дік туғызу, қазақ фильм­дері көр­сетілімін ұйымдастыру да қолға алынбақ.

Еліміздің мәдениетін насихаттау және шетелдегі туристік әлеуетті дамыту да Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының негізгі қызметіне кіреді.

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Бейжіңде қазақ мәдени орталығы ашылады