Отандасымыз Оман патшалық оркестрінде ұстаздық етіп жүр

04 Маусым 2024
  • Тағы бір отандасымыз шетелдік өнер ордаларын тәнті етті, деп хабарлайды 24KZ.
  •  
  • Ол – Оман патшалық филармониялық оркестріндегі жетекші ұстаздардың бірі Сәкен Берғалиев. Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледж түлегі шекара асып, тәжірибе жинап, қазір Таяу Шығыстағы беделді оркестрлер үшін сабақ береді. Бұл – Ахмет Жұбановтың «Ариясынан» үзінді. Оны Оман патшалық филармониялық оркестрінің музыканты алдағы емтиханына дайындап, үйреніп жатыр. Ал ұстазы – Алматының тумасы Сәкен Берғалиев. 9 жасынан музыкада жүрген альт аспабының шебері Оманның ең беделді өнер ордасында шәкірт дайындайды. Маскатта еңбек еткеніне екі жылдан асқан музыкант жергілікті жас өнерпаздардың жүрегін бірден жаулап алыпты.

Сәкен Берғалиев, Оман патшалық филармониялық оркестрінің оқытушысы:

Мені Оманда жылы шыраймен қарсы алды. Келе салғанымда оқуға құштар студенттер бірден сабақ кестелеріне дәрістерімді сұрап енгізіп, дереу іске кірісіп кеттік. Бұл жақтың музыканттары Қазақстанның қайда орналасқанынан, үлкен территорияға ие екенінен хабардар. Бірақ барып көрмеген екен. Мен де қонақжайлық танытып, елге қонақ болыңдар деп шақырып тұрамын. Арасында Қазақстан жайлы танымдық видеолар көрсетемін. Олар тұмса табиғатымызға қатты қызығады.

Оман патшасының бастауымен құрылған оркестрде 300-ге жуық адам өнер көрсетеді. Соның ішіндегі қоңыр үнді альт аспабында 20-ға жуық шәкірт Сәкеннен сабақ алады. «Мәскеу, Манчестер, Венада өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдаған педагогтан үйренеріміз көп», – дейді.

Асил әл-Хасани, Оман патшалық филармониялық оркестрінің мүшесі:

- Ұстазымның соңғы бір жылда берген сабағы – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор құрмет. Осы уақыт ішінде менің аспаптағы орындаушылық шеберлігім жылдам шыңдалып, қателіктерім түзелді. Мұндай жетістікке тез жеткеніме кейде өзім де таңғаламын. Ұстазым айтпақшы, табанды еңбек басты қағидама айналды.

 Шарифа әл-Рауахи, Оман патшалық филармониялық оркестрінің мүшесі:

- Сәкен мырза – өте салмақты, жауапты оқытушы. Әр сөзінен, әр ескертуінен пайдалы дүниені аңғарамын. Соның арқасында былтыр қорытынды емтихандарымды сәтті тапсырып, тобымдағы ең үздік бағаға ие болдым. Оған қоса ұстазымыздың арқасында өзіме деген сенімділігім артып, шығармаларды қатесіз әрі құрылымын түсіне орындайтын болдым.

Қазір отандасымыздың оқушылары Германияда, Таяу Шығыстың біршама елінде өнер көрсетіп үлгерген. Репертуарларында Гайдн мен Мендельсонның шығармаларымен қатар араб-парсы халықтарының туындылары бар. Болашақта қазақ классиктерінің композициялары да Оман концерттерінде орындалуы мүмкін.

Сәкен Берғалиев, Оман патшалық филармониялық оркестрінің оқытушысы:

- Біздің елде де талантты композиторлар жетерлік. Мүмкіндігінше олардың да музыкасын шәкірттеріме үйретуге тырысамын. Оларға ноталарын берген сәттен-ақ зор қызығушылықпен көңіл аударады. Өзім ойнағанымда ұйып тыңдайды. Тіпті үйреніп алуға талаптанатындар бар.

Сәкен Берғалиев шәкірттерінің бойындағы өнерге деген махаббатын одан әрі еселеуді мақсат етеді. Қазақстандық музыка мектебі өкілінің салған жолы әлі талай омандықтың бағын ашары сөзсіз.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Ақылбек Есімсейітов.


Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/655176-otandasymyz-oman-patshaly-orkestrinde-stazdy-etip-zh-r

Отандасымыз Оман патшалық оркестрінде ұстаздық етіп жүр