«Жетінші арна» қазақстандық көрерменге Қытай қазақтарының тұрмыс-тіршілігі жайлы «Менің Алтайым» дорамасын ұсынады.
8 бөлімнен тұратын телехикаяда басты рөлді Қытайдың танымал актері Юй Ши сомдаған. Ол бұл телехикаяға түсу үшін арнайы қазақ тілі сабақтарына қатысып, сериалда Батай есімді қазақ жігітінің рөлін ойнаған. Бұдан бөлек, телехикаяға Шыңжаңда тұратын қандастар да түскен.
«Менің Алтайым» телехикаясы Алтайда шағын дүкен ашқан Хань қызы Ли Вэньсю мен оның жанұясының жергілікті қазақтармен байланысы туралы түсірілген. Хикаяда Алтай аймағында тұратын қандастарымыздың бай және қайталанбас мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан.
iQIYI онлайн платформасы түсірген сериалдың әлемдік тұсаукесері Канн телефестивалі аясында өтіп, сарапшылардың жоғары бағасын алды.
«Сериал жақын күндері «Жетінші арна» эфирінен ұсынылады. Бұл туралы бүгін телеарна басшылығы және Қытай мемлекеттік телевизия, радио әкімшілігі мен iQIYI компаниясы өкілдерімен болған кездесуде келісім жасалды», – деп хабарлайды «Жетінші арнаның» баспасөз қызметі.
10 мамырда Астанада Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өзінің қытайлық әріптесі Ван И-мен кездесіп, екі ел арасындағы бірқатар мәселелер бойынша келіссөздер жүргізген.
«Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашу туралы жоспарын қолдаймыз. Сонымен қатар Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға да мүдделіміз»,– деді Нұртілеу.
Кездесу барысында, екі ел арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері сөз болды.
Дереккөз: kursiv.media.kz