Нұрәли Досжанұлы: Қиырдағы қазақтардың басын біріктіретін платформа құрғым келеді

24 Мамыр 2024
  • Біздің отбасымызда атажұрт, ұлттық құндылықтар туралы әңгімелер жиі айтылады. Әсіресе, Қазақстанның жетістіктері туралы үлкендердің әнгімесін сағаттап тыңдауға бармын.
  •  
  • Қазақстан – алыс жер, бірақ жаныма сондай жақын, әрі ыстық жер. Атамекенге бару – арман. Ол жерде менімен тетелес, өз ұлтымның ұл-қыздарының өмір сүру дағдысы маған өте қызық. Олардың келешекке деген көзқарасын, не оқитынын, бос уақытын қалай өткізетіні, нені армандайтынын, бәрін, бәрін білгім келеді. Олармен танысып, жақын дос болып, болашаққа қатысты жоспарларды бірге талқылағым келеді. Олармен бірге армандағым келеді, тіпті қиялдағым келеді.
  •  
  • Мен үшін Атамекен – жаңа әлем. Сол әлемді өз көзіммен көріп қайтуды армандаймын. Өз басым арманымдағы атажұртты дамыған елдердің қатарынан орын алып, технологиясы әлдеқайда озық елдердің біріне айналған ел ретінде елестетемін. Жаңа технологияларды дамыту арқылы экономика саласы нығая түседі. Қолайлы географиялық орын-жайына байланысты, көптеген ірі елмен сауда-экономикалық жағынан алып торапқа айналуға мүмкіндік беріледі. Қазақ жастарының білім мен ғылымға құштарлығы артып, әлемдік деңгейде ешкімге дес бермейтін мықты маман ретінде танылады. Қазақтың Билл Гейтс, Марк Цукербергтерін де әлем танитын болады. Қазақстандық жоғары оқу орындары Харвард,
  •  
  • Кембридж сияқты оқу орындарымен иық тіресіп, әлем талапкерлері Қазақстанға келіп, білім алуды армандайтын болады. Технология қарыштап дамып, цифрлық өнімдер әлем нарығында сұранысқа ие болады.
  •  
  • Қазақтың даласында тағы бірнеше әсем қалалар пайда болып, тұрғындар ол қалаларға жүрдек пойызбен қатынайтын болады. Атажұрттың асқар биік таулары, сылдыр мөлдір бұлақтары, көгал жасыл даласы, орман-тоғай, көлдері, тарихи орындары шетелдік туристердің тамашалауға асығатын басты орындарына айналады деп елестетемін.
  •  
  • Болашақ – білімді жастардың қолында. Қазақ жастары әркез білімді, парасатты, әлем жастарына үлгі бола алады деп сенемін. Осы ретте өзім шығарған «Жас қазақ» атты өлеңімді жария етсем.
  •  
  • Жас Қазақ
  • Жаса қазақ, дарасың.
  • Алға басып келесің.
  • Биік-биік шыңдарды,
  • Бағындыра аласың.
  • Білім болсын тұлпарың,
  • Ғылым болсын сұнқарың.
  • Салт дәстүрің – тірегін
  • Отан ана – жүрегің.
  • Ата-баба мұрасы,
  • Болсын қайнар бұлағың.
  • Атамекен – үмітің,
  • Атажұртың – жігерің.
  • Парасатың – қалқаның
  • Биік болсын мақсатың.
  • Әдептілік, ар-намыс –
  • Қайратыңның қамшысы.
  • Алға ұмтыл, Жас қазақ!
  • Біліктілік, бірлікпен.
  • Оң бағытты табасың,
  • Ой мен ақыл түйіндеп.
  •  
  • Қиырда жүрген қазақтар атажұрттың дамуына өз үлесін қоса алатын мүмкіндігі бар екенін анық.  Ол үшін әуелі шетелдегі қазақ жастары бір-бірімен танысып, өзара байланыс орнатып, ақпарат, пікір алмасып, бірлесіп, жобаларды іске асыруға көмектесетін заманауи платформаларды орнату өте қажет деп ойлаймын. Өзім «Жас код жазушылар», «Young Coding group» топтарының мүшесі ретінде жаңа технология құрастыруды үйрететін мамандыққа қызығамын және жоғарыда айтып өткен платформаны іске асыруды армандаймын.
  •  
  • Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген астарлы сөз бар. Сондықтан арманымыздағы атажұрттың қандай болуы – біздің, жатардың қолында деп білемін. Сөз соңында, арманымдағы атамекенімнің көркеюіне қатарластарыммен бірге өз үлесімді қосуға әрқашан дайын екенімді айтқым келеді.
  •  
  • Нұрәли Досжанұлы,
  • 8-сынып оқушысы, (Моңғолия, Ұланбатыр қаласы), "Арманымдағы атажұрт" эссе жазу байқауының жеңімпазы, "Jas Qazaq 2024" жазғы этно-лагеріне жолдама иегері
  •  
  • Ақпарат ретінде: «Отандастар қоры» TÚRKISTAN халықаралық газетімен бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын.
Нұрәли Досжанұлы: Қиырдағы қазақтардың басын біріктіретін платформа құрғым келеді