- 2024 жылдың 16-18 мамырында Науаи облысының Науаи және Нұрата қалаларында, Кенимех ауданында қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке бидің туылғанына 380 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мереке Нұрата қаласындағы әйгілі ата-баба кесенесіндегі дәстүрлі зияраттан басталды.
-
- Науаи облысы әкімдігі және облыстық Туризм басқармасы қолдауымен өткен іс-шара Әйтеке бидің ұрпақтарын, соның ішінде Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы Науаи облыстық бөлімі, Қазақстанның бірқатар аймақтарынан, соның ішінде Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан келген қонақтарды жинады. Сонымен қатар, Ресей мен Германиядан ұрпақтар мемлекет қайраткерін еске алуға келді.
-
- Іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен қазақстандық дипломаттар қатысты.
-
- Осыған орай, Науаи облысының әкімі Нормат Турсунов іс-шараға қатысушылармен арнайы кездесу ұйымдастырды, онда дипломатиялық миссия басшысы Б.Атамқұлов екі халықтың ортақ тарихы мен қазіргі кезеңде Қазақстан-өзбек қатынастарының нығаюы туралы айтып, ризашылығын білдірді.
-
- Мерекеге орай 16 мамыр күні сағат 17-00 Қызылорда облыстық филармониясының шығармашылық ұжымының Науаи қаласындағы «Фархад» мәдениет сарайында, ал 18-30да үш мыңнан астам адамды жинаған қазақстандық эстрада өкілдері Ернар Айдар мен Наркенже Серікбаеваның қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.
-
- Сонымен қатар, Науаи облысының әкімдігінің қолдауымен күрес, волейбол спорттық іс-шарасынан ашық турнир өтті.
-
- 17 мамыр күні халықаралық айтыста Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген ақындар сайысқа түсті. Онда Сыр елінен келген Нұрмат Мансұров пен қырғыз ақыны Тұрат Жұбаев, қызылордалық, алтын домбыраның «үш дүркін жүлдегері», «Айтыстың Ақтангері» атанғыан Мұхтар Ниязов пен Науаи облысының тумасы Мұхтар Қонарбаев, Абай облысынан Әсем Ережеқызы мен Монғаолия елінің тумасы Сезімхан Шұғаев, қарақалпақстандық Еркебұлан Қолқанатов пен тараз шәһарынан келген балқар қызы Алина Айдаралы, соң Арқалықтың азулы ақыны Айбек Қалиев пен ташкенттік Талғат Орынбековтер өзара бақ сынасты. Халықаралық айтысты Лев Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио мен қоғамммен байланыс кафедрасы меңгерушісі, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Махсұтұлы Дүйсенғазы жүргізссе, белгілі фольклортанушы, жазушы Берік Жүсіп, Қазақстан Республикасы Мемлекет және қоғам қайраткері, композитор, әнші, Қазақстан және Қырғызыстан Республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, «Түркістан» газетінің редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, өзбекстандық айтыскер ақын Құлмахан Дүйсеновтер қазылық етіп, әділ бағасын берді.
-
- Нәтижеге орай, ІІІ орынды Әсем Ережеқызы мен Сезімхан Шұғаев иемденді. Ал ІІ орынға Мұхтар Қонарбаев қол жеткізсе, І орынды Айбек Қалиев қанжығасына байлады. Сондай-ақ көптің көзайымына айналған Мұхтар Ниязов бас жүлдені алып, «Кобальт» темір тұлпарын тізгіндеді. Басқа да айтыс қатысушылары ынтыландыру сыйлығын алды.
-
- Бабаның 380 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі шарада «Әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би» атты көлемді жинақтың таныстырылымы мен тұсаукесері өтті. Шарада «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» қорының төрағасы Ербол Жалғасұлы Еркебаев арнайы естеліктерін, мерейтойға арналған арнайы кітапті, сый-сияпаттарды тарту етті.
-
- 18 мамыр күні Әйтеке бидің туылғанына 380 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара Науаи облысы Кенимех ауданында жалғасын тауып, көкпар ойнына ұласты. Көкпар ойынына арнайы келген қонақтарға Кенимех ауданы әкімшілігі тарапынан Шараф ата мейрамханасында ас беріліп, баба рухына құран бағышталды. Бұл дүбірлі жиынға жиналған қауымға Кенимех аудандық мәдениет бөлімі тарапынан жергілікті өнерпаз домбырашылардың дайындаған ән-күйі тарту етілді. Көкпарының қызықты да сәтті өтуіне жергілікті кәсіпкерлер, Әйтеке бидің ұрпақтары, аудан әкімдігі жауапты тұлғалары ұйытқы болып, өз септігін тигізді.
-
Гүлдана НАРЫНБЕТОВА, Жарасхан МЫРЗАМҰРАТОВ
Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы