Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға келді

05 Сәуір 2024
  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға келді
  •  
  • Мемлекет басшысын Үргеніш қаласының әуежайында Президент Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Сапар аясында екі ел басшылары бейресми кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы кәсіпорындар мен мәдени нысандарды бірге аралап көреді деп жоспарланып отыр.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді
  •  
  • Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
  •  
  • Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді.
  •  
  • Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізілуде. Өзара тауар айналымының көрсеткіштері жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді.

  • Президент қазақ-өзбек тандемі өмірлік қажеттіліктен туғанын және бірге әрі жұмыла әрекет еткенде ғана елдеріміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуге болатынын жеткізді
  •  
  • Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау бастамасын қолдады.
  •  
  • Кездесуде президенттер өзара тауар айналымын ұлғайту, энергетика, көлік, су шаруашылығы және IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту сияқты экономикалық ықпалдастықтың сан алуан мәселесі жөнінде пікір алмасты.
  •  
  • Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды өркендету, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның бірегей туристік әлеуетін пайдалану мүмкіндіктеріне айрықша мән берілді.
  •  
  • Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.
  •  
  • Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды
  •  
  • Осы ретте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындық барысы, сондай-ақ С5+ форматындағы ықпалдастық перспективалары талқыланды.
  •  
  • Екі ел басшылары өңірдегі өзара ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы бастамаға қолдау білдірді. Бұл бірлескен кәсіпорынды құрудағы мақсат: Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын өзара тиімді негізде пайдалану.
  •  
  • Аталған жоба екіжақты сауданы жандандырып, тауар тасымалының көлемін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ оңтүстік бағыттағы жүк тасымалын ұлғайтуға қолайлы жағдай туғызады. Бірлескен кәсіпорын Трансауған бағытын дамытуға жұмылдырылады.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Хиуа қаласының тарихи орындарын аралап көрді
  •  
  • Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге ежелгі Хиуа шаһарының тарихи орталығындағы «Ишан-қала» қалашығына барды.
  •  
  • «Ишан қала» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш саналады. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, сондай-ақ алпысқа тарта тарихи және сәулет ескерткіші орналасқан.
  •  
  • Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.
  •  
  • Одан әрі олар «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді.
  •  
  • Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд (1247-1326) кесенесіне зиярат жасап, оның рухына Құран бағыштады. Палуан Махмұд кесенесі өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа да халықтардың мінәжат етіп баратын қасиетті мекені саналады.
  •  
  • Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев хорезм сәулет өнерінің бірегей ескерткіші – Нұролла бай сарайына барды
  •  
  • Сарай-саябақ кешенін XIX ғасырдың бас кезінде II Мұхаммед Рахым хан өзінің ұлы – хан тағының мұрагері Асфендиярға арнап, хиуалық бай көпес Нұролланың иелігіндегі үлкен бақтың орнына салдырған. Құрылысқа хиуалық шеберлер мен суретшілерден бөлек, Ресейден және Германиядан мамандар алдырған. Дәстүрлі шығыс сәулеті өнері мен еуропалық стильдің әдемі үйлесімі нысанның келбетінен де көрініп тұрады.
  •  
  • Екі ел басшылары Хиуа хандығының бас уәзірі болған Сейіт Ибрагим қожаның үйін, «Беш хаули» кешенін, сарайдағы басқа да бөлмелерді, қонақ күтетін үй-жайларды аралап көрді.
  •  
  • Содан соң президенттер «Өзбек-қазақ суретшілерінің туындыларындағы халықтар бірлігі» бейнелеу өнері көрмесін, «XIX-XX ғасырларда түсірілген фотосуреттердегі Хорезм» көрмесін, соның ішінде өзбек ұлттық фотоөнері мен деректі киносының негізін қалаушы Құдайберген Диуановтың суреттерін тамашалады.
  •  
  • Дереккөз: t.me/aqorda_resmi
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға келді