Мәскеуде тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды

20 Наурыз 2024

Ұлттық ойынды жаңғырту мақсатында Мәскеудегі кітапханалардың бірінде тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды. Тоғызқұмалақ ойынына қызығушылық қандастар тарапынан жоғары. Өйткені қазақ халқының асыл мұрасына айналған бұл интеллектуалды ойынның маңыздылығы артып келеді, – дейді ұйымдастырушылар.

Таным-түйсігі ұшталған, талғамы таразыланған жастар тоғызқұмалақ ойынын Мәскеу төрінде жаңғыртты. Тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы Әлима Алтай елінің Қосағаш ауылынан отбасымен Мәскеуге көшіп келген. Анасы – Алтайда тоғызқұмалақ ойынын дәріптеумен айналысқан танымал адам.

 

Әлима Ерболова, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы:

- Алтайда халықаралық жарыстар өткізген. Сол кезде Алтайдың қазақтары да, Моңғолия қазақтары да бірге қатысқан. Ұлттық ойынды насихаттауды жалғастырдық. Қазақтар барлық жерде өз мәдениетін іздейді. Осы жаққа көшіп келгенімізде тоғызқұмалақты бірге алып келдік. Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынының тағылымын көрсету – міндетіміз, – дейді мәскеулік қазақтар. Абай мен Ыбырай ойнаған тоғызқұмалақтан шеберлік сағатына келушілер көп.

Қозыбек Жәлел, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы:

- Мектеп кезімізде басталған бұл тоғызқұмалақ ойыны. Мен бірінші сыныпта оқып жүргенде әпкелерім, ағаларым үйреткен болатын, сол себепті мектеп кезінде 11, 12 жыл бойы біз Моңғолияның Баян-Өлке қаласында үнемі тоғызқұмалақ жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға иеленіп, халықаралық байқауларға да қатысып, бірінші, екінші орындарды иеленетінбіз.

Күрделі әрі қызықты ұлттық ойынды үйренемін деушілердің қарасы қалың. Тоғызқұмалақ үйірмесі Ресейдің түкпір-түкпірінен келген қазақтарды ғана емес, басқа елден көшіп келген қандастардың да басын біріктірді.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/643563-m-skeude-to-yz-mala-jirmesi-ashyldy

Мәскеуде тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды