Қандастарды қуантатын құжат

02 Сәуір 2024

Қилы заманда дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың атажұртына бет бұрған ұлы көшін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында шоғырлана өмір сүріп жатқан ағайындар бастаған болатын. Олардың алғашқы легі кеңес одағының күйреуі қарсаңында Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасында жасалған Еңбек шартына сәйкес 1991 жылғы көктемде атамекенге қиқулап қайтқан жыл құсымен қатар қуана думандатып келген еді.

Сол кезде қандастарға қазір­гідей республикалық бюджет­тен қаржыландырылатын қы­руар квота бөлініп, қаржылай қол­дау көрсетілмесе де, олар­дың бәрін ауылды жерлердегі ша­руа­шылық құрылымдары­ның бас­шылары тұрғын үймен қам­та­масыз етіп, алдарына мал салып беріп, мүмкіндіктерін­ше көмек көрсетті. Ал жергілікті тұр­ғын­дар Алтайдың арғы жағы­нан келген ағайындарға кезек­тесе ерулік беріп, бауырларына тартып бақты. Соған қарамастан, Моңғолиядан орал­ған қандастарымыздың атамекенге тастай батып, судай сіңіп кетуі оңайға түспеді. Әсіресе еліміздің басқа этнос өкілдерінің саны басым теріскей аймағына қоныстанған ағайындардың орыс тілін білмеуіне байланыс­ты жаңа ортаға бейімделіп кетуі қиынға соқты. Бұған шыдамаған бірсыпырасы кейін қазағы қалың өңірлерге көшіп кетті.

Моңғолиядан келген қандас­тар тап болған тағы бір үлкен қиындық – Қазақстан азамат­тығын алу еді. Өйткені Еңбек шарты бойынша атамекенге көшіп келген ағайындар Моң­ғолия азаматтығынан шықпа­ған болатын. Соның салдарынан 83 мыңдай қандасымыз­дың 12 мыңнан астамы өз­дері туып-өскен Баян-Өлгейге қайтып оралды. Қалған 70 мыңнан астамы кейін екі мемлекет басшыларының ара­ласуының арқасында Қазақ­стан азаматтығын алып, атажұртқа түпкілікті табан тіреді. Олардың Қазақстан азаматтары ретінде толық құқыққа ие болуына мүмкіндік берген ресми құжат – 1994 жылғы 2 желтоқсанда Алматы қаласында жасалған Қазақ­стан және Моңғолия аза­мат­тарын еңбек шарты бо­йынша жұмысқа қатыстыру жөніндегі мәселелер бойынша ынтымақтасу туралы Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы келісім.

Бірақ уақыт өте келе ұлы көштің жолында жаңа кедергілер пайда болды. Бәрінен де шетелдегі этностық қазақтардың тарихи Отанына жаппай оралуына қарсы пиғылдағы кейбір жоғары лауазымды шенеуніктердің 2011 жылғы 16 желтоқсанда бол­ған қайғылы Жаңаөзен оқиға­сына қандастар кінәлі деген жал­ған пікір таратуының салдары қиын еді. Осы себеппен қан­дастарды қабылдап, ел өңірлеріне квота бойынша орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету­ге арналған «Нұрлы көш» мем­лекеттік бағдарламасы күрт тоқтатылды. Бұл аздай, Үкімет­тің 2011-2014 жылдары қандас­тардың 10 мың отбасын квота бойынша қабылдау туралы қаулысының күші де жо­йылды. Үкімет Моңғолиядан көшіп келген қандастарымызға ерекше шүйіліп, сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов 2014 жылғы 31 желтоқсанда жоғарыда аталған Қазақстан мен Моңғолия азаматтарын еңбек шарты бо­йынша жұмысқа қатыстыру жө­ніндегі мәселелер бойынша ын­ты­мақтасу туралы Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы келісімнің күшін біржақты тәртіппен жою туралы №1422 қаулыға қол қойып, бірден күшіне енгізді. Үкіметтің осы қаулысының салдары әсі­ресе 2015 жылдан бастап зей­нет демалысына шыққан, өмірі­нің көп жылын Моңғолияда өткіз­ген азаматтарға өте ауыр соқ­қы болып тиді. Себебі, зейнет­­ақы есептеу кезінде олар­дың Моң­ғолияда жоғары оқу орындарында оқыған, әскери қызмет атқарған және жұмыс істеген жылдары еңбек өтіліне енгізілмей, ал Қазақстанда еңбек еткен уақыты аздық еткендіктен, мүлдем зей­нет­ақысыз қалып, мардымсыз жәр­демақы алуға мәжбүр болды.

2016 жылы жазда Солтүстік Қазақстан облысының Уәли­ханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында алтыншы шақырылымдағы Парла­мент Мәжілісінің депутаттары ардагерлермен кездескенде аудан­дық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Сансызбай Қалиев: «Осын­да Моңғолиядан көшіп кел­ген бір тамаша азамат тұра­ды. Баян-Өлгей аймағының мәде­ниет саласында ұзақ жылдар бо­йы қызмет істеп, құрметті атақ­­тар­мен марапатталған өнер­паз адам. Бір өкініштісі, ол ата­жұр­­тына көшіп келіп, шамалы жыл қыз­мет істеген соң зейнет де­­ма­лы­сына шыққанында Қазақ­стан­дағы еңбек өтілі жетпей, 14 мың теңге ғана жәрдемақы таға­йы­н­­далыпты. Қартайған шақта мұн­дай аз ақшаға қалай күн көру­­ге болады? Білуімізше, 2015 жылға дейін зейнет демалысы­на шыққан, Баян-Өлгейден келген қан­дастар өмір бойы осында тұ­рып, еңбек еткен отандастары­мызбен тең дәре­жеде, лайықты зейнетақы алып келді. Енді «Елім!» деп еңіреп келген бауырларымызды неге өгей­сітеміз, неге кемсітеміз? Сіздер, Парламент депутаттары, осы мәселені тездетіп шешіңіз­дер», дегені жадымызда.

Алайда Парламент Мәжілі­сі­нің депутаттары бұл көкей­кесті мәселені шешуге тырысқан­дары­мен, бұрынғы Үкіметке сөздерін өткізе алған жоқ. Бәрін бір-ақ адам шешетін ескі жүйеде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Тек 2017 жылы болған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сол уақыттағы Мемлекет басшысы Үкіметке Моңғолиядан көшіп келген қандастардың зейнетақы мәселесін шешу жөнінде тапсырма берген соң ғана сең орнынан қозғалды. Сөйтіп, келесі жылдың соңында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға қандастардың шетелде тұрған кезеңде жинақтаған еңбек өтілін Қазақстанда зейнет демалысына шыққан кезде есепке алу туралы түзету енгізілді. Әйтсе де бұл жартыкеш шешім болды. Себебі, тиісті заң жобасын әзірлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің шенеуніктері Моңғолия­дан оралған қандастарға деген бұрынғы райларынан толық қайтпай, олардың шетелдегі жоғары оқу орындарында оқыған және әскери қызмет атқарған жыл­дарын еңбек өтіліне енгізбей тас­тады. Парламент Мәжілісі де­пу­тат­тарының осы жөніндегі түзету­ле­рін де қабылдамай: «Біз бұл мә­селе бойынша алдағы уақытта Моң­ғолия Үкіметімен келіссөз жүр­гі­зіп, арнайы келісім жасауы­мыз қажет», деген уәж айтып, уәде берді.

Өкінішке қарай, шенеунік­тердің бұл уәдесі бес жылдан ас­там уақыт бойы сөз күйінде қа­лып келді. Тек жақында ғана жаңа Үкі­мет Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы сала­­сындағы ынтымақтастық ту­ра­­лы келісімнің жобасын ма­құл­­­дады. Онда: «Әскери қыз­мет кезе­ңдері және жоғары (жоға­ры оқу орнынан кейінгі) және ар­наулы орта білім беру жүйе­сінде, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында, Тараптар аумағында оқу кезеңдері зейнет­ақы тағайындаған Тарап мемле­кетінің заңнамасына сәйкес еңбек (сақтандыру) өтіліне есепте­леді», деп көрсетілген. Бұл келі­сім ал­дағы уақытта екі елдің уәкі­летті мемлекеттік органдары­ның бас­шылары қол қойып, ратифика­цияланғаннан кейін күшіне енеді.

Жаңа Үкіметтің Моңғолиядан оралған қандастарды қуантатын осы шешімі Әділетті Қазақстан орнату жолындағы кезекті қадам деп білеміз. «Ештен де кеш жақсы». 

Мақала "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды. 

Сілтеме: https://egemen.kz/article/361197-qandastardy-quantatyn-qudgat

Мақала авторы: Кәрібай Мұсырман

Қандастарды қуантатын құжат