Былтыр «Отандастар» форумының ашылуында Мемлекет басшысы «Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашанда мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған» деді.
Кейінгі жылдары шетелдегі қазақтармен байланыс орнатып, олардың атамекенге оралуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет саясатының игілігін көріп, туған жерге оралған отандастар бүгінде ел демографиясы мен экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
Атамекенді аңсап келген ағайынның мәселесін Президент үнемі назарға алып, бұл бағыттағы тапсырмаларды Үкімет пен Президент Әкімшілігіне шешуді жүктеп келеді. Нәтижесі де жаман емес. Қазір оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Еліміз егемендік алған күннен бастап этностық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыруға көңіл бөлінген.
Кейінгі 33 жылда 1 млн 129,6 мың адам Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл ел халқының 5,6%-ын құрайды. Алғашқы он жылдың өзінде 500 мыңға жуық этностық қазақ атамекеніне көшіп келген. Осының өзі шеттегі қазақтардың негізгі бөлігі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ елге оралғанын айғақтайды.
Дегенмен кейінгі жылдары елге оралып жатқан жат жұрттағы ағайынның көбі тұрақты тұру үшін елдің оңтүстік-батыс өңірлерін, астана мен республикалық маңызы бар қалаларды таңдайды. Дені халық аз қоныстанған өзге өңірлерге баруға ниетті емес.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қандастардың 34%-ы – Алматы, 15,3%-ы – Маңғыстау, 9,6%-ы – Түркістан облысы, 7%-ы – Астана, 6,2%-ы – Шымкент қаласы, сондай-ақ 5,9%-ы – Жамбыл облысы және 5,2%-ы Алматы қаласына қоныстандырылған. Бұл көрсеткіштер былтырғы жылдың қорытындысымен 21 325 этностық қазақты құрайды. Былтыр жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы, яғни 50,3 пайызы – Өзбекстан, 21,5 пайызы – Қытай, 10,2 пайызы – Моңғолия, 9,2 пайызы – Түрікменстан, 6,8 пайызы – Ресей және 2 пайызы басқа елдерден келген. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың саны 60,2 пайызды құраса, балалар – 30,9 және зейнеткерлер 8,9 пайызды құрап отыр. Ал еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен 15,3%-ның білім деңгейі жоғары болса, 32,4%-ы орта кәсіби білімді, 44,3%-ы жалпы орта білімді, қалған 8,3%-да білімі жоқ.
Комитет берген мәліметке сүйенсек, жалпы алғанда, қандастардың кейінгі 5 жылдағы орташа жылдық саны 18 мың адамды құраған екен. Сондықтан былтыр 13 тамызға дейін ел аумағында тұрғылықты жерін таңдауды негізінен қандастар өз қалауы бойынша дербес айқындады. Осылай деген Асқарбек Маратұлы: «Демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыру саясатын реформалау және ішкі көші-қонды реттеу мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы бекітілген. Бұл құжат еңбек күші артық және еңбек күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті теңестіру мақсатында отандастарымыздың және қандастардың ішкі ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған. Қазір қандастарды қоныстандыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр», дейді.
Біріншіден, Қазақстанда сұранысқа ие кәсіптері бар адамдардың өз бетінше жұмыс табуға мүмкіндігі бар болса, онда қандас мәртебесін алған этностық қазақ қоныс аудару үшін кез келген өңірге жіберіледі. Екіншіден, қоныстанушы осы елде тұратын жақын туыстарының тұрғылықты жері бойынша өңірлерге қоныстана алады. Бұл үшін отбасы мүшелерімен немесе жақын туыстарымен туыстығын растайтын құжат талап етіледі. Үшіншіден, демографиялық даму қажеттілігі бар агломерациялар, ауылдық елді мекендер және даму әлеуеті бар қалаларға жіберіледі. Бұл бойынша қандастар елдің кез келген аймағында қоныстануға мүмкіндігі бар. Мысалы, Алматы агломерациясында – 99, Астанада – 46, Шымкентте – 113, Ақтөбеде – 22, Қарағандыда 31 елді мекен кіреді. Ал Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, қоныстануға 18 моноқала ұсынылған. Сондай-ақ қоныстану үшін 42 шағын қала мен 6 293 ауылдық елді мекен бар. Төртіншіден, жоғары оқу орындарында оқитындар оқу орны орналасқан жерге қоныстандырылады. Бесіншісі, сұранысқа ие кәсiбі және жақын туыстары болмаған жағдайда этностық қазақтар мемлекеттiк қолдау шараларын ала отырып, Үкiмет айқындаған өңiрлерге жiберiледi. Мұндай аймақтарға Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Абай облысы кіреді. Ал солтүстік өңірлерге қоныстанған қандастарға мемлекет тарапынан материалдық қолдау шаралары беріледі.
«Қазір материалдық көмек белгіленген өңірге көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне бір мезгілде 70 АЕК мөлшерінде немесе 258,4 мың теңге беріледі. Ал тұрғын үйді жалдауға және жалға алуға ай сайын 20-дан 30 АЕК-ке дейін немесе 73,8-110,7 мың теңге аралығында қаржы ұсынылады. Сондай-ақ қандастардың үй-жай мәселесін түбегейлі шешу мақсатында былтырдан бастап тұрғын үй сатып алуға 50% мөлшерінде, бірақ 4,2 млн теңгеден аспайтын сомада қаржылай көмек алу құқығымен экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді. Былтыр тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5,4 млрд теңгеге 1 290 экономикалық мобильділік сертификаты берілді. Жалпы, былтыр 8 903 адам немесе 2 558 отбасы еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстанды. Еңбекке қабілетті жастағы 4 158 адамның 3 079-ы тұрақты жұмыс орнына орналастырылып, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Бизнесті бастау үшін 35 адам грант алды», дейді Асқарбек Ертаев. Сондай-ақ ол биыл да Үкімет 9 433 адамды көшіру жоспарлап отырғанын жеткізді. Солтүстік өңірлерге көшті ынталантыру мақсатында ортаға бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмі іске асырылмақ. Қазір бұл алгоритм Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қанатқақты режімде іске қосылған. Оған сәйкес, отбасын, оның ішінде балаларды қолдауға жан-жақты көмек ұсынылуға тиіс. Ең маңыздысы, қызмет көрсетудің жоспарлы мерзімдері цифрлық форматта жүрсе, алғашқы үш жыл тоқсан сайын, ал келесі төртінші және бесінші жылдар жартыжылдық негізде жүзеге асырылады екен. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай және Абай облыстарында қандастар мен қоныс аударушыларды ақпараттық, аудармалық, білім беру және басқа да бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз ету үшін бейімдеу және интеграциялау орталықтары құрылды. Ал былтыр жыл аяғында іске қосылған «eQonaq-Kutty Meken» мобильді қосымшасы этностық қазақтардың қандас мәртебесін алуға өтініш беру үдерісін жеңілдетуге арналып отыр. Министрлік тарапынан қосымшаның қандас мәртебесін алу кезінде туындаған қиындықтарына байланысты күнделікті мониторинг жүргізеді. Мәселен, қазірдің өзінде 124 өтініш берушіде осындай қиындық анықталса, бұл бойынша тексеріс жүргізіліп, 73 өтініш беруші қандас мәртебесін алды және 11 өтініші қаралып жатыр. Комитет өкілінің айтуынша, қалған өтініш берушілерге де жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қандас мәртебесін алу үшін қажетті консультативтік және практикалық көмек көрсетіліп жатыр. «16 адам қандас мәртебесін алуға өтініш берген. Сондай-ақ 2 өтініш беруші бұған дейін қандас мәртебесін алып, мерзімін ұзартқан. Сондықтан оларға қандас мәртебесін қайта алуға жәрдемдесу мүмкін емес. Айта кету керек, қандастарды қабылдаудың жаңа механизмін енгізгенге дейін елімізге 15 мың қандас келген, ал жаңа жүйемен келгендердің саны 6 200 адамға жетті. Оның 2 927-сі солтүстік өңірлерге, 7-еуі агломерация аймақтарына қоныстанса, 3241-і отбасымен бірігу мақсатында келген және 25-і жұмысқа орналасу мақсатында қандас мәртебесін алды», дейді Асқарбек Ертаев.
Мемлекет қолдауының арқасында бүгінде тарихи отанына оралғысы келетіндердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл орайда қандастардың көшін жеңілдетіп, атамекенде өсіп-өнуіне мүмкіндік жасалғаны дұрыс-ақ. Өкінішке қарай, қандас мәртебесін алудағы кей қиындық Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Қытайдағы этностық қазақтар үшін әлі өзекті болып тұр. «Елге ел қосылса – құт» демекші, тағдырдың түрлі сынағында тарыдай шашылған қандастар құт мекенге оралып жатса, нұр үстіне нұр.
Дереккөз: Egemen.kz