Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нығаспайұлы Қазақстанда көмір химиясы саласын дамыту жоспары жөнінде Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
«Еліміздің көмір қоры айтарлықтай мол. Осы бағытты дамыту шикізаттық экономикадан біртіндеп кетіп, қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда CHN Energy және East China Engineering and Technology сынды ірі компаниялармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», — деді министр Ерсайын Нығаспайұлы.
Министрдің айтуынша, CHN Energy компаниясы аммиак пен карбамид өндіруге бағытталған жобаларға 4 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын.
Сонымен қатар, East China Engineering and Technology компаниясы «Samal Commodities» ЖШС-мен бірлесіп, органикалық химия өнімдерін өндіру жөніндегі жобаны қарастыруда.
«Бұдан бөлек, көмір химиясын дамытудың бекітілген Жол картасы аясында, отандық көмір өндіруші кәсіпорындар еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, сұранысқа ие химиялық өнімдер алу мақсатында озық технологияларды жан-жақты зерттеу және енгізу жұмыстарын жүргізуде», — деп нақтылады Ерсайын Нығаспайұлы.
Сондай-ақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елде күкірт қышқылының тапшылығы байқалып отырғанына алаңдаушылық білдірді.