Мемлекет басшысы «Отандастар» форумының ашылуымен құттықтады

12 Қазан, 2023

Астанада өткен «Отандастар» форумына қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады.

Салтанатты жиында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ардақты ағайын! Сіздерді «Отандастар» форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашан да елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда, шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қазақстан азаматтығын және «қандас» мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиынға әлемнің әр түпкірінен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікір айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, ынтымақ-береке тілеймін», - делінген Мемлекет басшысы жолдаған құттықтауда.

Айта кетейік, форумға тек этникалық қазақтар ғана емес, бұрынғы отандастар, Қазақстан аумағында кіндік қаны тамған азаматтардың ұрпақтары да жиналды.

Қатысушылар арасында Абайдың шығармаларын қытайшаға аударған жазушы Акбар Мәжит, Өзбекстан Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев, Франциядағы Крей қаласы әкімінің орынбасары Ешім Саваш болды.

Форум барысында қатысушылар тілге, ұлттық бірегейлікке және шетелдегі қазақтарды қолдауға байланысты мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысы «Отандастар» форумының ашылуымен құттықтады