Ұлттық құрама садақ атудан Олимпиада жолдамасына ие болды

10 Қараша, 2023

Бүгін Таиланд астанасы Бангкокта садақ атудан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Классикалық немесе олимпиадалық садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанып, Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Команда сапында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еременко сынға түсті. Алтын Оңтүстік Кореяның, қола Индонезияның еншісінде. Ұлттық құрама финалға жетер жолда Жапония, Үндістан мен Қытайдың Тайпэй құрамасынан басым түсті.

Қазақстан былтыр олимпиада ойындарына іріктеу жүйесі жаңартылған соң, жолдамаға иелік еткен алғашқы ел атанды. Себебі, құрлық чемпионы атанған Оңтүстік Корея Парижге баратын мүмкіндікке Ханчжоудағы Азия ойындарында ие болған. 

Жалпы қазақстандық садақ атушылар 1996 жылдан бері тұрақты түрде төрт жылдықтың басты бәсекесінен сырт қалған емес. Ал 2021 жылы Токиода ерлер құрамасы толық құрамда бақ сынаған.

«Бастысы – өзіңе деген сенім. Біз қарсыластар туралы емес, өзіміздің нәтижеміз жайлы ғана ойладық. Сенім мен мінездің арқасында команда болып, осы жеңіске жеттік. Мен өзіме және командамызға сенемін. Парижде құрама болып медаль жеңіп алуға барымызды саламыз»,-деді Ильфат Абдуллин.
«Қазіргі қуанышымды, алған әсерім мен қандай бақытты екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Керемет! Біз қатты қобалжыдық, жеңіске жетіп жолдама алуды ғана қаладық»,-деді Александр Еременко.

Құралмалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуде Ұлттық құрама спортшысы Андрей Тютюн алтыннан алқа тақты. Одан кейін тұғыр сатысына Джун Хо Ким (Оңтүстік Корея) мен Абхишек Вермадан (Үндістан) көтерілді.

Осы бағдарламада Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореядан кейінгі нәтижеге жетіп, күміс жүлдеге ие болса, үздік үштікті Үндістан түйіндеді. Айта кетейік, кейде блок садақ деп те аталатын бұл бағдарлама Олимпиада бағдарламасына кірмейді.

Ұлттық құрама биылғы сары құрлық чемпионатын 3 жүлдемен аяқтады.

Ұлттық құрама садақ атудан Олимпиада жолдамасына ие болды