14 жасар оқушы комикстер арқылы Қазақстан тарихын дәріптеп жүр

28 Қараша, 2023

Өскемендік 14 жасар оқушы комикстер арқылы Қазақстан тарихын дәріптеп жүр, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Асыл Сұңғатқызы Қазақстан тарихын баяндайтын комикстер салады. Қазақ батырлары, ұлттық ертегілердің кейіпкерлері, тарихи тұлғалар Асылдың комикстерінің негізгі бейнесіне айналған. 14 жасар мектеп оқушысы бүгінде бірнеше комикс альбомдарын шығарып үлгерді.

«Бүгінде көп адамның кітап оқуға уақыты жоқ, ал комикстер арқылы адамдар ақпарат та алып, уақытын да үнемдей алады»,-дейді Асыл.

Асыл Уәлиханов атындағы мектеп-лицейдің тоғызыншы сыныбында оқиды, ол кішкентай күнінен сурет салумен айналысады. Оның бойындағы талантын дер кезінде байқаған ата-анасы баланың дами түсуіне көмектеседі.

Осылайша Асыл кәсіби мамандармен бізге сурет салу өнеріне машықтанады. Ол алдымен пейзаждар мен портреттер салуды үйренген, кейін комикстер салуға қызығушылығы артқан.

«Ұстазым Мерей Қайнарұлы маған комикстер салу идеясын айтып, комикстерді салу негіздерін үйретті. Менің комикстерімнің ерекшелігі – олар тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. Мен суреттерді тарихи тақырыптарда саламын», -дейді Асыл.

Асылдың жарыққа шыққан бірнеше комикс альбомдары бар. Екі жыл бұрын Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ол «Алаш Көсемі» комикс-альбомын, өткен жылы «Ер Төстік» альбом - иллюстрациясын дайындап шығарды.

Оқушының тәлімгері Мерей Қайнарұлы комикстер арқылы балалардың тарихты оқуға деген сүйіспеншілігін оятуға болады деп санайды.

«Бұл болашағы бар жанр, бірақ әзірге өзінің лайықты бағасын алмаған. Айталық, мен «Абай жолын» екі айда оқып бітіремін, егер бүкіл роман комикстер арқылы баяндалса, онда кітапты бір аптада оқып бітіресіз. Бұл жанр біздің ақпараттық ғасырда балаларға қажет деп ойлаймын», - деді Мерей Қайнарұлы.

Оның пікірінше, шетелдік комикстерді қазақ тіліне аударумен айналысудың қажеті жоқ, керісінше өзіміздікін комикске айналдырғанымыз жөн.

14 жасар оқушы комикстер арқылы Қазақстан тарихын дәріптеп жүр