Қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады

16 Қазан 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат көші-қон саласындағы ынтымақтастықты, азаматтардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекеттердің заңнамалары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды көздейді.

Келісім аясында тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен, мемлекеттердің аумақтарында жүрген азаматтар туралы мәліметтермен алмасады, сондай-ақ көші-қон саласында туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және іс жүзіндегі өзара әрекеттесу жүргізіледі.

Сонымен қатар құжатта азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, олардың арнайы, уақытша және тұрақты тұру мәртебесі, азаматтығы және өзге де мәліметтер бойынша деректер алмасу көзделген. Бұл заңсыз көші-қонның алдын алу мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған мәліметтер қос азаматтыққа жол бермеу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мақсатында қажет.

Құжатта ынтымақтастықтың нысандары нақты айқындалған. Келісім мүдделі тараптың өтініші негізінде жүзеге асырылады, ал мұндай өтініш 30 күннен аспайтын мерзімде қаралуы тиіс.

Бұған дейін Сенатта атап өтілгендей, құжаттың арқасында екі елдің азаматтары тең құқықтар негізінде өзара 90 тәулікке дейінгі мерзімге басқа тараптың аумағына кіруге, шығуға, транзитпен өтуге және болуға мүмкіндік алады. Алайда тіркеусіз болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы қажет.

Сондай-ақ бір тараптың азаматтары қабылдаушы мемлекеттің уәкілетті органдарында 30 күнтізбелік күн ішінде міндетті тіркеуден босатылады. Осы мерзім өткеннен кейін олар уәкілетті органдарда тіркелуге міндетті.

Бұдан бөлек, Келісім шетелге шығуға арналған жарамды жол жүру құжаттарының тізбесін белгілейді. Атап айтқанда, қазақстандықтар үшін мұндай құжат ретінде жеке куәлік, ал армян азаматтары үшін – жеке сәйкестендіру картасы және өзге де құжаттар танылады.

Келісім тараптардың әрқайсысына өз аумағына кіруге рұқсат бермеу немесе болуын қалаусыз деп таныған жағдайда басқа тараптың азаматын елден шығарып жіберу құқығын шектемейді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен олардың болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға да қол қойды.

Қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады