Қазақстанда Джеки Чанның қатысуымен түсіріліп жатқан жоба туралы мәлімет белгілі болды.
Қытай актері әрі режиссері Джеки Чан «Құдайдың сауыт-сайманы» («Armour of God») атты сағаның соңғы бөлімі – «Ультиматум» фильмінің түсіріліміне қатысуда. Бұл туралы Salem Entertainment компаниясының өкілдері Instagram парақшасында хабарлады.
Франшизаның төртінші бөлімі дәл Қазақстан аумағында түсірілмек. Кинокомпанияның мәліметінше, жоба отандық кино тарихындағы ең ауқымды кинөндірістердің бірі болуға уәде береді.
«Құдайдың сауыт-сайманы» франшизасы – Джеки Чанның қатысуымен түсірілген әйгілі шытырман оқиғалы экшн-фильмдер сериясы. Алғашқы бөлігі 1986 жылы жарық көріп, бірден танымалдыққа ие болды. Екінші фильм – «Кондор операциясы» (1991) франшизаның табысын жалғастырды.
Үшінші бөлім – «Зодиак миссиясы» (2012) – цикл ішіндегі ең ірі жоба саналады. 26 миллион АҚШ доллары көлеміндегі бюджетпен түсірілген бұл фильм әлем бойынша шамамен 171 миллион доллар табыс әкелген. Ал жалғасының бюджеті әзірге жария етілмеген. Алайда, бұл жолы Джеки Чан режиссерлік тізгінді өз қолына алуы ықтимал.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle басылымы 23 қыркүйек күні Джеки Чанды Алматы әуежайында көргені туралы хабарлаған болатын. Кейіннен актердің Қазақстанда түсіріліп жатқан жобаның түсіріліміне шынында да қатысып жатқандығы анықталды.