Стэнфорд университетінің профессоры, Дүниежүзілік банктегі халықаралық сарапшылар кеңесінің төрағасы Пол Кимнің қатысуымен еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорларына арналған стратегиялық сессия өтті.
Апта бойы өтіп жатқан Жасанды интеллект апталығы және «Digital Bridge 2025: Generative Nation» халықаралық технологиялық форумының аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana – жоғары білімдегі ЖИ-трансформациясының драйвері» атты панельдік сессиясы ұйымдастырылды.
AI-Sana бағдарламасының жаңа буын мамандарын даярлаудағы, цифрлық кәсіпкерлікті дамытудағы және халықаралық тәжірибені Қазақстанның жоғары білім жүйесіне енгізудегі рөлі талқыланған бұл шараға әлемдік жетекші сарапшылар – Пол Ким (Дүниежүзілік банк), Пегор Папазян (TUMO), Олаф Грот (UC Berkeley, Cambrian Futures) және Гэвин Шаддик (Cardiff University) қатысты.
Алдыңғы қатарлы ғалымдардың бірі Пол Ким ЖОО өкілдерімен кездесу барысында студенттер үшін жасанды интеллект мәселелерді шешетін ғана емес, ойландыратын, сұрақ қоятын, олардың таным көкжиегін кеңейтетін пәрменді құрал болуы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен белсенді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы алты жыл ішінде AI-Sana жобасы жүздеген мың студентті жасанды интеллект пен кәсіпкерлік дағдыларына үйретеді.
«Қазақстан айтарлықтай көрсеткіштер көрсетіп келеді. Alem.ai алаңында өткен пікірталаста бүкіл әлемнен келген сарапшылар Президенттің бастамаларын қолдайтынын және еліміздің министрліктері жаңғыру процесіне белсенді қатысып отырғанын байқадым. Бұл – трансформациялық өзгерістер үшін зор негіз», – деді профессор.
Оның пікірінше, дәл қазір Қазақстан үшін бірегей мүмкіндіктер кезеңі басталды. AI-Sana жобасы осы инновациялардың басты қозғаушы күшіне айналмақ.
«Біз жастардың жасанды интеллект арқылы тәжірибе жасап, нақты міндеттерді шешіп, кәсіпкерлікке қадам басқанын қалаймыз. Кәсіпкерлік ойлау ерте жастан қалыптасуы тиіс. Осындай ойлаумен университетке келген жастар жаңа шешімдер ұсына алады, жобалар ойлап табады және іске қосады. Мұндай экожүйе Қазақстанды мүлдем жаңа деңгейге көтереді», – деп түйіндеді Пол Ким.
AI-Sana жобасы – Қазақстан жастарын жаңа білім мен кәсіпкерлікке жетелейтін, елді инновациялық даму жолына бастайтын басты қозғаушы күш.