Қазақстан Еуразия көлік дәліздерін дамытуға басымдық беруде

Кеше

2024 жылғы 3–4 шілде күндері Ханкенди қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) XVII саммиті өтеді. Оған халық саны 500 миллионнан асатын он елдің өкілдері қатысады. Бұл жөнінде Kazinform агенттігі Trend ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл ЭЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесі Қазақстанға тиесілі. Бұл жай ғана формалды жағдай емес, сонымен қатар елдің Еуразия кеңістігінде экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған белсенді әрі жан-жақты ойластырылған стратегиясының айғағы.

— Қазақстан 1992 жылдан бастап ЭЫҰ-ның мүшесі ретінде ұйымның институционалдық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ел тарихындағы екінші мәрте төрағалық етуі – өңірлік интеграция көшбасшыларының бірі ретіндегі Қазақстанның рөлін қайта жандандырудың нышаны. Ғаламдық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан жалпылама ұрандарды емес, нақты жобалар мен бастамаларды ұсынады.

Ең алдымен бұл – көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты. Қазақстан Транскаспий бағытын және «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізін ілгерілетіп, Әзербайжан, Түркия, Иран және басқа да серіктестермен жол карталарын қабылдау арқылы өткізу қабілетін арттыру және тар орындарды жою жұмыстарын жүргізуде. 2027 жылға дейін ТМТМ бағыты бойынша транзит көлемін 4,5 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Цифрлық кедендік шешімдер енгізіліп, транзиттік сауда үшін бірыңғай кеңістік қалыптасуда.

Сонымен қатар Қазақстан экономикалық интеграцияны тереңдету бағытында да белсенді жұмыс істеуде. Ел ЭЫҰ көлік кеңесін құруға қатысып, сауда үдерістерін цифрландыруды және трансшекаралық өндірістік тізбектерді дамытуды қолдайды. Мұның бәрі өңірлік сауданы дамытуға және кедергілерді азайтуға бағытталған, – деп хабарлайды Trend.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның экспорты 81,6 миллиард АҚШ долларына, ал сыртқы сауда айналымы 141,4 миллиард долларға жетті. Әсіресе азық-түлік экспорты 2,8 миллиард долларға өсіп, елдің көршілес мемлекеттер мен Таяу Шығыс елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі ретіндегі рөлін айқындай түсті. ЭЫҰ-ға мүше Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан – Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында, бұл ЭЫҰ-ның экономикалық әртараптандыру алаңы ретіндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Экономикамен қатар Қазақстан тұрақты даму мәселелеріне де ерекше мән беріп отыр. Shaulder SPP күн электр станциясының құрылысы, Әзербайжан және Өзбекстанмен бірлескен «жасыл энергетикалық дәлізге» қатысу, су инфрақұрылымын жақсарту жобаларын іске асыру – алдағы саммиттің климаттық күн тәртібіне толық сай келеді және өңірдің ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылығына үлес қосады.

Саммиттің Ханкенди қаласында өтуі – өңірлік диалогтың жаңғыруының және қалпына келуінің символы ретінде – кездесудің маңызын арттыра түседі. Мұндай жағдайда Қазақстан ЭЫҰ-ға төрағалық етумен ғана шектелмей, ұйымның даму бағытын айқындап отыр: сауданы цифрландыру, орнықты инвестициялар тарту және көлік байланысын дамыту – басым бағыттардың қатарында.

Осылайша, Қазақстан өңірлік ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын қалыптастыруда. Оның бастамалары экономикалық өсудің, өзара байланыстарды нығайтудың және тұрақты дамудың катализаторы бола отырып, Ханкендиде өтетін саммит ЭЫҰ-ны неғұрлым тиімді және практикалық бағыттағы механизмге айналдыру жолында бетбұрыс сәт бола алады.

Қазақстан Еуразия көлік дәліздерін дамытуға басымдық беруде