Ауған қазақтары «Отандастар қорына» Мемлекеттік Ту бейнеленген кілемді тарту етті

18 Қаңтар 2024

«16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні». Бұл - ауған қазақтарының бүгін «Отандастар қорына» сыйға тартқан кілем атауы. Ауғанстан жерінде жүрсе де, ұлттық өнерді мирас еткен отандастарымыздың рухани байлығына барша жұрт таңғалды. Кілем тоқу өнерінің тарихын, табиғи бояулар үндестігін, графикалардың үйлесімі мен мағынасын ұштастырған отандастарымыздың туындысына сұраныс өте жоғары. Себебі, шеберлер 3-7 ай аралығында тоқыған кілемдерге үңілсеңіз «жан» бар.

ҚР Ұлттық Музейінің 1 ай көлемінде өткен көрме бүгін оң нәтижелермен түйінделді. Атап айтсақ, отандасымыз негізін қалаған  «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясы Мемлекет тарапынан қолдау болса елге келіп, 100-ге жуық азаматқа кілем тоқу өнерін үйреткісі келеді.

Сонымен қатар, жабылу салтанатында сөз алған Қоғам басшысы Абзал Сапарбекұлы Ауғанстан қазақтарымен байланысты нығайтып, «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясымен тың жобалар жүзеге асыратынын айтты. Насим Найман мырзаға шапан жауып, өз алғысын білдірді.

Көрмені қорытындылаған «Elsana Amanat» қоғамдық қорының  президенті  Серік Әбдірешұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Ұлттық Музей ұжымына және «Отандастар қорына» өз алғысын білдіріп, мәдени-гуманитарлық байланыс Ауғанстан территориясына дейін кеңейгенін айтты.

#Otandastar #Qandastar #Qazaqtar

Ауған қазақтары «Отандастар қорына» Мемлекеттік Ту бейнеленген кілемді тарту етті