Жас қазақ жазғы лагері - “Бір үйдің баласындай…”

06 Шілде, 2023

ҚР Сыртқы істер министрлігінің “Отандастар қоры” КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған “Жас Қазақ” жазғы этно-лагерінің ресми ашылу салтанаты өтті.

2019 жылы бастау алған, Атамекеннен жырақта жүрген қандастарымыздың балаларына арналған жазғы лагерь биыл да жалғасып үшінші мәрте Бурабай төріндегі IQanat High School of Burabay мектебінде өтуде. Әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей) 200-ге жуық этникалық қазақ балалары Атажұртқа келіп, рухани құндылықтарымызды бойларына сіңіріп демалып қайтады.  
        Балалар “Жас Қазақ” жазғы этно-лагеріне жолдаманы түрлі байқауларға қатысып ұтып алды. Әрбір бүлдіршін өнерлі өрендер десек артық айтқанымыз емес. 
        Лагерь өз жұмысын 1 шілде бастап кетті. Бейімделу кезеңі өте жақсы деңгейде жүріп жатыр. Қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Балалардың әр күні қызықты өту мақсатында арнайы күн тәртібі бекітілді. Асық ойнау, алтыбақан тебу, садақ ату сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала мобилографиядан сабақ алады. Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай өз тәжірбиесімен бөліседі. Оқушылар үшін басты мотивация алда өтетін мобилография сайысынан жеңіс иегері атану. Жеңімпаздарға Қор атынан бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
        Әсіресе басты назар қазақ тіліне қойылып, балалардың барынша ана тілін үйреніп кетуіне негіз болу.
        Этно-лагерді “Жас Қазақ” деп аталуы тегін емес. Лагердің негізгі мақсаты - 8 мемлекеттен келген этникалық қазақ балаларының арасында байланыс орнату, қазақтың ұлан-байтақ жерін көрсету. Жобаның міндеті - жырақта жүрген отандастарымыздың елге деген қызығушылығын арттыру және оқуға шақыру.

 “Жас Қазақ” жазғы этно-лагері 1-14 шілде аралығында өтеді.

 

Жас қазақ жазғы лагері - “Бір үйдің баласындай…”